Тұман, көктайғақ, қатты жел: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Бүгін, 24 қарашада Қазақстанның 16 облысында қолайсыз ауа райы күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Болжам бойынша, бірқатар өңірде жауын-шашын, тұман, көктайғақ және қатты жел болады. Әсіресе Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында желдің екпіні 29 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Астана, Қарағанды, Қостанай, Петропавл және Көкшетау қалаларында тұман мен көктайғақ күтіледі. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында жаңбыр, кей жерлерде қатты жауын-шашын болжанады. Түркістан облысында да тұман түсіп, желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Маңғыстау мен Атырау облыстарында тұман және қатты жел күтіледі. Қызылорда облысында да кей жерлерде тұман болжанып отыр.
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.