Тұман, көктайғақ: 15 облыста дауылды ескерту жарияланды
«Қазгидромет» РМК бүгін, 1 ақпанда Алматы қаласы мен еліміздің 15 облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, республика аумағында тұман, көктайғақ, қатты жел, боран және жауын-шашын күтіледі.
Алматыда түнде және таңертең тұман түседі.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман болып, шығыс және таулы өңірлерде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қонаевта да түнгі және таңғы уақытта тұман болжанып отыр.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде көктайғақ, ал бірқатар аумақтарда тұман күтіледі. Маңғыстау облысында тұман түсіп, түнде оңтүстікте жел 20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарында және олардың орталықтарында тұман күтіледі. Жезқазғанда күндіз көктайғақ болады.
Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде қатты жел соғады. Өскемен мен Семейде түнде және таңертең тұман күтіледі.
Қызылорда облысында тұман мен көктайғақ болжанса, Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар, төменгі боран, көктайғақ және желдің 15-20 м/с-қа дейін күшеюі күтіледі. Оралда күндіз жауын-шашын аралас боран болуы ықтимал.
Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде қар жауып, боран мен көктайғақ болады, жел 20 м/с-қа дейін күшейеді. Таразда кейде тұман түседі.
Синоптиктер қолайсыз ауа райына байланысты жолда сақ болуға, алыс сапарларды жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеруге кеңес береді.