16 Қараша 2026, 16:33 Фото: Азамат Сәрсенбаевтың Facebook-тегі парақшасынан

«Тұлпар» мектебіндегі дау: Тазалықшы әйел директордың мәлімдемесінен кейін өз шындығын айтты

Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» мектебінде тазалықшы әйелдің шелегін педагогтің теуіп құлатуына қатысты дау жалғасып жатыр. Осыған дейін әлеуметтік желіде тараған бұл видео қоғам назарын өзіне аударған. Кейін директор Атыраулық басылымның біріне сұқбат беріп, мәселенің мәнін түсіндіруге тырысқан. Мектеп директорының сұхбатынан кейін бұрынғы қызметкер өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, еңбек құқықтарының бұзылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тазалықшы әйел қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевпен байланысып, оқиғаның өз нұсқасын жеткізген. Белсенді әлеуметтік желідегі жазбасында онымен кездескенін, әйелдің бастапқыда камера алдында сөйлеуге келіспегенін айтты. Кейін ол көпшілікке басынан өткен жағдайды баяндауға шешім қабылдаған.

«Небәрі 26 жаста екенін білгенде…»

Сәрсенбаевтың айтуынша, 26 жастағы әйел айына шамамен 125 мың теңге жалақы алған. Ол жұмыс барысында қорлыққа, еңбекақысының кешіктірілуіне және еңбек құқықтарының бұзылуына тап болғанын жеткізген.

Алдымда жылап отырған, өте жуас қыздың небәрі 26 жаста екенін білгенде, ашудан ішім біртүрлі болып кетті. Қазіргі заманда айына 125 мың теңгеге тазалықшы болып жұмыс істеп, қорлыққа, жалақының кешіктірілуіне және қарапайым құқықтарының бұзылуына үнсіз төзіп жүрген осындай қорғансыз адамдар бар деп ойламаппын, – деп жазды белсенді.

Ол әйелдің қорғансыздығын өзгелердің пайдалануына оның өзі кінәлі емес екенін атап өтті.

Ең өкініштісі, айналамызда мұндай адамдар көп. Үндемейтін, қарапайым, өзін қалай қорғауды білмегендіктен әділетсіздікке төзуге үйренген жандар. Өзгелерге аз да болса билігі жүретінін сезінгендер көбіне дәл осындай адамдарға күш көрсетеді. Бұлай болмауға тиіс, – деді қоғам белсендісі.

Белсенді мектеп директорының жария мәлімдемелерін жала деп бағалап, әйелдің құқығын қорғауға көмектесетін адвокат қажет екенін айтты.

Директор: заттар  жоғалып, сөмкесіне салып әкеткен

Мектеп-лицейдің директоры әрі құрылтайшысы Халеф Челик Lada ақпарат агенттігіне әлеуметтік желіде тараған видеода жанжалдың бір бөлігі ғана көрсетілгенін мәлімдеген.

Оның нұсқасы бойынша, мектепте түрік тілінен сабақ берген жұбайы тазалықшыдан кабинетті жууды сұраған. Алайда қызметкер бас тартып, кейін жұбайына балағат сөз айтқан. Челиктің айтуынша, осыдан кейін әйелі ашуға беріліп, тазалықшының шелегін теуіп жіберген.

Директор жұбайының әрекетін дұрыс деп санамайтынын айтқанымен, жанжалға дейінгі сөздер камераға жазылмағанын алға тартқан. Бұл – мектеп басшысының оқиғаға қатысты нұсқасы.

Челик тазалықшы әйелдің бұрын өз үйінде де жұмыс істегенін растаған. Оның айтуынша, үйін тазалауға үш адам келіп жүрген кезеңде кейбір заттар жоғалған. Директор сол қызметкерлердің бірі заттарды қателесіп сөмкесіне салып алып кеткенін айтқанын жеткізген. Алайда ол бұл жағдайды ұрлық деп атағысы келмейтінін, мәселені сол кезде өзара шешкендерін мәлімдеген.

Сондай-ақ мектеп басшысы видеоны тазалықшыға жақын болған қызметкерлер оқу орнының беделіне нұқсан келтіру мақсатында әдейі таратты деп есептейтінін айтқан. Бұл тұжырым сұхбатта директордың пікірі ретінде берілген.

Тазалықшы әйел айыптарды жоққа шығарды

Ал мектептің бұрынғы қызметкері Гүлбану Бекболатова өзіне қатысты айтылған мәліметтермен келіспейтінін мәлімдеді.

Ол  қоғам белсендісі жариялаған видеода ештеңе ұрламағанын айтып, балағат сөз қолданғаны туралы мәлімдемені де жоққа шығарған.

Үшінші қабаттың еденін жуып жүргенімде, директордың әйелі директордың кабинетіндегі шкафты тазала деді. Мен шаруларды жасап жүрген едім, екінші қабатта жүргенде келіп, маған түрікше сөйледі. «Сені жұмыстан шығартамын» деп айқайлады. Мен оны директорға айтыңыз деп айттым. Артынан директорға барып мәселені айттық. Шығып кеткен соң, кешкі 17:00-ге таяу келіп қайтадан айқайлап, шелекті теуіп кетті, - деді ол. 

Оның сөзінше, өзіне қатысты айыптаулар әлеуметтік желілермен қатар мектептің ата-аналар чаттарында да тараған.

Бекболатова еңбек ақысына қатысты шағымдарын да жеткізді. Ол екі жылға тиесілі демалыс ақысын алмағанын, ал қазан айының жалақысына сот арқылы қол жеткізгенін айтты.

Тексеру барысында еңбек шартының болмағаны анықталды

Еске салайық, әлеуметтік желіде мектеп дәлізінде әйелдің тазалықшының су толы шелегін теуіп құлатқаны түсірілген видео тараған еді. Оқиғадан кейін Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрған.

Маңғыстау облысының білім басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға 16 қазанда болған. Комиссия құрамына білім бөлімінің қызметкерлері мен полиция өкілдері кірген. Мәліметке сәйкес, тазалықшымен жазбаша еңбек шарты жасалмағаны, оның ауызша келісім негізінде жұмыс істегені көрсетілген.

Ал шелекті тепкен қызметкердің мектепте қосымша факультатив сабақтарын өткізген педагог екені анықталған. Педагогикалық әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған сөгіс жарияланып, еңбек шарты бұзылған.

Білім басқармасы мектеп директорына қатысты анықталған мән-жайларға құқықтық баға беру және заңда көзделген шараларды қабылдау үшін Ақтау қалалық полиция басқармасына ресми хаттар жолданғанын хабарлаған.

Халеф Челик болса, жұбайын жұмыстан босату туралы шешімді мектеп әкімшілігі өзі қабылдағанын, білім басқармасынан мұндай нұсқау болмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, қазір жанжалға қатысқан екі әйел де мектепте жұмыс істемейді.

Сот айыппұл салды

Кейін іс сотта қаралды. Шелекті тепкен әйел отырыста оны ашумен жасағанын мойындағанымен, тазалықшыға балағат сөз айтқанын жоққа шығарған.

Ақтаудың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының бірінші бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 86 500 теңге айыппұл салған.

Дегенмен тазалықшы әйелдің кейін көтерген мәселелері жалақы мен демалыс ақысына, сондай-ақ өзі туралы жарияланған мәліметтерге қатысты болып отыр. Азамат Сәрсенбаев оған осы мәселелер бойынша заңгерлік көмек көрсетуді сұрады.