Түлкібаста ер адамның көлігінен есірткі табылды
Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Түркістан облысында полицейлер ер адамның көлігінен бір келіге жуық марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның есірткіні үлкен мөлшерде сақтайтыны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас АПБ-нің полицейлері “Ниссан Премьера” автокөлігін тоқтатты.
Содан автокөлік иесін тінту кезінде, автокөліктің капотының ішінен қапшыққа салынған өзіне тән хош иісті зат табылып тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы бір келіге жуық марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Полицейлер істің барлық мән-жайын және ер адамның өзімен бірге үлкен мөлшердегі есірткіні не үшін алып жүргенін анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.