«Тұлғаларға тағзым» атты IV республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті
Сәкен Сейфуллин және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Тұлғаларға тағзым» атты IV республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мүшәйраның мақсаты – жастар бойындағы тілге, шешендік өнерге деген шығармашылық талаптарын шыңдау, қабілеттерін баптап, өнер додасына қосу және сол арқылы жаңаша көзқарасты, білімді, білікті, кез келген мәселені ой елегінен өткізе алатын ойлы, жан-жақты, ел болашағына дұрыс пайым жасай алатын бәсекеге қабілетті,өзара татулық пен ізгілік қасиеттерді бойларына жинақтаған дарынды жастарды айқындау; мүшәйраны өткізу арқылы жастарға дұрыс бағдар беру, рухани азықтандыру.
ЖОО студенттері арасында қатарынан төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған жас ақындар жыр мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналған. Аталған шара «С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Тіреуов Қанат Маратұлы қатысуымен және «С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Басқармасы төрағасының академиялық қызмет жөніндегі орынбасары – Ректор, педагогика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚПҒА академигі А.М.
Әбдіровтің құттықтау сөзімен ашылды. Басқарма төрағасының жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының докторы Ж.А. Құсайынова, гуманитарлық факультеттің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Қ. Аяпбергенов, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., қауымд. проф. А.Ш. Тлеулесова жас таланттар алдында сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.
Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен жолданған, нақтырақ айтқанда Ақтау, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қарағанды, Павлодар және Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының отызға жуық студенттерінен өтінім қабылданды. Талап білдірген жас қанат ақындардың өлеңдерін алдын ала құрылған сараптамалық комиссия мүшелері, атап айтқанда, "Halyq Uni" ақпарат агенттігінің шеф-редакторы, ақын, журналист, «Шабыт» жастар сыйлығының 2011 ж. Гран-при иегері Бейсенов Еркеғали; «Абай» телеарнасының жүргізушісі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бердалы Назира; «С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Баспасөз орталығының бас менеджері Қабай Бердібек; педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымд. профессор, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Тлеулесова Ардақ Шайкенқызы сараптамадан өткізіп, өз бағаларын берді. Ұйымдастырылған шараға "Абай" телеарнасының түсірілім тобы арнайы келді.
Отызға жуық жұмыстың ішінен оза шауып, тілдік шеберлігімен, ой тереңдігімен көрермендерді баурап алған келесі қатысушыларға жүлделі орындар тағайындалды.
Қорыта айтқанда:
Бас жүлде (100 000 (жүз мың) теңге сертификаты) иегері: Серіков Азамат Серікұлы – Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің «Журналистика» мамандығының 1-курс студенті.
І дәрежелі (70 000 (жетпіс мың) теңге сертификаты) дипломмен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау» мамандығының 4-курс студенті Дүйсенов Наурызбек Медетұлы марапатталды.
ІІ дәрежелі (50 000 (елу мың) теңге сертификаты) дипломын Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, «Қоршаған орта» мамандығының 1-курс студенті Әмірхан Елдар Сейтханұлы иеленді.
Ал ІІІ дәрежелі диплом (30 000 (отыз мың) теңге сертификаты) екі адамға берілді. Олар: Қазақ ұлттық өнер университеті, Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің 2-курс студенті – Азатбек Бергенбек пен Нөсерқан Шуақ – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығының 3-курс студенті.
Сонымен қатар бірнеше студентке ынталандыру сыйлықтары бұйырды.
Университет тарихында ЖОО студенттері арасында республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасын алғаш ұйымдастырып, қатарынан төрт жыл жүйелі түрде өткізіліп, қалыптасуына жол салған қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Тлеулесова Ардақ Шайкенқызына ерекше ықыласпен алғыс білдіреміз.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқан университетіміздің Шығармашылық дамыту орталығының директоры Умаров Думан Еркінұлына, «Шабыт» ұлт аспаптар ансамблі жетекшісі Сармантаева ГауҺар Еркінқызына, «Шаттық» би ансамблінің жетекшісі Шамшиев Алмат Шердарұлына, сонымен қатар гуманитарлық факультеттің деканы, ф.ғ.к. Б.Қ. Аяпбергеновке, қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Т.Ж. Тоқсанбаеваға, кафедраның аға оқытушысы, ф.ғ.к. Д.Д. Бисмильдинаға және п.ғ.м. Ж.Қ. Қайратқа алғыс айтамыз.