Түлектері жұмысқа орналаспаған колледждер жауапқа тартылады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа талаптарға сәйкес колледж түлектерінің жұмысқа орналаспағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Түлектердің кемінде 75%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева онлайн брифингте айтты.

Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен  Ұлттық экономика министрлігімен бекітілген білім беру жүйесін тексеру бойынша тәуекел дәрежесін бағалау өлшем, шарттарымен тексеру парақтарын бекіту туралы бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізілген. Ол бұйрық, талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. 

Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар білім ұйымдарының білім беру саласындағы заңнаманы сақтау үшін және жауапкершілігін күшейтуді көздейді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес жоғары және бірінші санаттағы педагогтар үлесіне қойылатын талаптар білім беру ұйымдарының түрлері бойынша өзгерді және талаптарға қойылатын бұзушылықтар дәрежесі қатаңдатылды. Енді білім беретін мектептердегі жоғары және бірінші санаттағы педагогтардың, сарапшы, зерттеуші, шебер педагогтардың үлесі мұғалімдердің жалпы санының кемінде 35% болуы тиіс. Ал лицейлер мен гимназияда кемінде мұндай педагогтардың үлесі 40% болу керек, - дейді Ермекбаева. 

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы жаратылыс тану, математика және қоғамдық гуманитарлық бағыттағы педагогтардың үлесі 30%-дан кем болмауы тиіс. Бұл норманы сақтамау, заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. 

Сондай-ақ, ол бұйрықта бейнебақылауы жоқ білім беру ұйымдарына қатысты жауапкершілік нормасы көрсетілгенін айтты, яғни әр білім беру ұйымы бейнебақылау құрылғыларымен қамтылуы керек. 

Жаңа талаптарға сәйкес колледж түлектерінің жұмысқа орналаспағаны үшін жауапкершілік те күшейтілді. Мәселен, жыл ішінде түлектерінің кемінде 75%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы тиіс. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап білім беру жүйесін мемлекеттік реттеудің жаңа бір тетігі мемлекеттік аттестациялау қолданысқа енгізіледі, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы