Туған жеріне оралған кардиохирург: Қазақстанда 20 баланың жүрегіне жаңа өмір сыйлады

Әлемдегі балалар кардиохирургтарының үздік бестігіне кіретін, Мельбурн университетінің профессоры, phD Игорь Константинов тарихи Отаны – Қазақстанға келіп, жергілікті дәрігерлермен бірге бір ай ішінде 20-дан астам балаға күрделі жүрек операциясын жасады. Бұл туралы белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Профессор Константинов Семей облысында дүниеге келген. Ол 9 жасында отбасысымен бірге шетелге қоныс аударып, кейін түрлі елдерде білім алып, жұмыс істеген. Соңғы 20 жылда Мельбурн қаласында тұрып, әлемнің жетекші медициналық орталықтарында сұранысқа ие жоғары дәрежелі маманға айналды. Қазақстанға шақырылған кезде отандық мамандар оның шығу тегін білмеген. Алайда профессордың өзі Қазақстанға оралуға 40 жылдан бері ниеттеніп жүргенін, бала күнгі дәм – құрт, ет, бешбармақты сағынғанын айтты. Мұнда келгелі Константинов сирек кездесетін жүрек ақаулары бар балаларға операциялар жасады. Оның ішінде ең күрделі диагноздардың бірі саналатын Эбштейн аномалиясы бар науқастар да бар. Кейбір операциялар 5-6 сағатқа дейін созылған. Профессор тіпті екі айлық сәбидің жүрегіне де операция жасады, - деп жазды ол.

Рақымбаевтың айтуынша, мұндай жоғары технологиялық операциялар шетелде өте қымбат тұрады. Ал Қазақстанда оларды «Жұлдызай» корпоративтік қорының қолдауымен тегін жасау мүмкін болып отыр.

Сонымен қатар профессор отандық дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізіп, күрделі операцияларды өз бетінше жасауға үйретуде.

Кездесу барысында Игорь Константинов Қазақстанға жиі келіп, балаларға көмектескісі келетінін жеткізді. Тараптар алдағы бірлескен жобаларды да талқылағанымен, олардың мазмұны әзірге құпия сақталып отыр. Ол – туған жерін ұмытпай, қашықтыққа қарамастан елдің болашағы үшін еңбек етуді таңдаған талантты қазақ даласының перзенті, - дейді кәсіпкер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы