«Туған жер» патриоттық фестивалінің жеңімпазы туралы фильм түсірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы атанған жас дизайнер Гүлжиян Қадыр туралы шағын фильм түсірілді, деп хабарлады Ұлттық Дельфий комитетінің баспасөз қызметі.

Ұлттық Дельфий комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде Қызылорда облысы Арал қаласынан қатысқан өнерпаз бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. «Көркем өнер» аталымы бойынша Гүлжиян Қадыр жеңімпаз атанды. Этно стильдегі жастар киімін ұсынған жас сәнгер оза шауып, 1-орынды жеңіп алды.

Гүлжиян Қадыр – жас дизайнер, алға қойған мақсаттары айқын.

Киім дизайнері болуды бала кезімнен армандадым. Дәптердің парақтарына түрлі көйлектердің үлгісін ойлап тауып, оларды бояйтынмын. Құрақ көрпе құрап, оларға қолданатын матаның қандай түстерінің бір-біріне үйлесетіндігіне назар аударатынмын, -  дейді жас дизайнер.

Гүлжиян киім шеберлерінің бойында қағазда және компьютерде сурет сала білумен қатар, көркемдік талғам, еңбекқорлық, креативтілік, табандылық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық сияқты қабілеттер болуы қажет деп санайды. Бұл қасиеттердің барлығы жас дизайнердің бойында бары анық.

Гүлжиянның өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады, - деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.
-

Халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды. Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3-орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы