Тәуелсіздік алған жылдары 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Деректерге сүйенсек, 1932-33 жылдары 2 млн қазақ аштықтан ажал құшты. Репрессия жылдары 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Жалпы, 1921-1954 жылдары КСРО-да «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, 642 мыңы ату жазасына кесілген. Бұл туралы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кеште айтылды.
31 мамыр – Қазақстан үшін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты – қасіретті кезеңнің тарихи тағылымын еске алып, құрбандардың рухына бас ию.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстандағы саяси-қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау үшін Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп жариялаған болатын.
Еске алу кешіне жиналғандар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап жасақталған көрмемен танысып шықты. Бұдан кейін мәжіліс залына кіріп зұлмат жылдардан сыр шертетін деректі фильмді тамашалады, соңынан құрбандардың рухына арнап 1 минут үнсіздік жарияланды.
Кештің модераторы Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Мадина Камеденованың айтуынша, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары 146,5 мың кінәсіз жазғырылған отандасымыздың есімдері жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шығып, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталған.
«Қазақстан халқы үшін еске алу күнінің мағынасы терең. Бұл жүйенің ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек және басқа да этностардың өкілдері көтерді. Қазақ халқы өз жағдайының ауырлығына қарамастан жер аударылып келген өзге ұлттарды бауырына басты. Қасиетті жерімізде этностардың татулық пен бірлікте өмір сүруінің негіздері сол жылдары қаланды. Этностық және діни тегі бөлек миллиондаған адамдар тоталитарлық жүйенің зардабын тартып, өзгеше ойлағаны үшін сотталып, ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз көз жұмды. Қазақ халқының көрнекті перзенттері Ш.Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев т.б. саңлақтарымыз құрбан болды. ХХ ғасыр тарихының қасіретке толы жылдарын есте сақтау Қазақстанның барлық азаматының қасиетті борышы болып қала береді», - деді Мадина Қалесқызы.
Кеште Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, тарих кафедрасының меңгерушісі Шымырбай Жақсыбайұлы Төлеби ауданы, Зертас елді мекенінен табылған құнды жазбалар туралы айтты. 1800 жылдардың екінші жартысы, 1920, 1930 жылдардағы зобалаңды баяндаған бұл жазбаның құндылығын зерттеген тарихшы ғалым бүгінде кітаптың 2 томын жарыққа шығарғанын айтып, кітаптың бір данасын облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартты.
«Бүгінгі іс-шараға келгендегі мақсатымыз – халыққа ашаршылық пен зобалаң жылдарды баян ету, келер ұрпаққа насихаттау. Біз Төлеби ауданынан ашаршылық жылдары жазылған құнды қолжазбалар таптық. Онда ауыл халқының тарихи деректері мен дастандарын парсы, шағатай және таза араб тілдерінен, төте жазудан аударып 2 томын шығардық. Қазір 3-ші томы аударылуда. Табылған қолжазбалар шамамен 30-40 томның төңірегіндегі материалдарға жетеді. Осы жазбалардың ішінен аты беймәлім азаматтар шығып жатыр. Бұл қолжазбаларды Төлеген Ағыбайұлы жазып қалдырған екен. 30-шы жылдардағы ұжымдастыру, аштық, астықты халықтан күштеп тартып алу туралы деректер бар. Өзі қуғынға ұшырап, көп жылға сотталған. Артында қалған әйелі мен бала-шағасының мұң-зары да осында баяндалған. Кеңес үкіметінің саясатынан қорқып, жазбаларды тығып ұстаған екен. Қазір біз аударып оқырманға ұсынып отырмыз. Жазбалардың түпнұсқасын Төлеби ауданында ұрпақтары сақтап отыр. Жалпы, қолжазбаларды туысқандары музейге беруге қарсы емес. Бұл еңбектер халықтың да игілігіне жарайды. Сол кезеңнің өзіне лайық сауатты деңгейде жазылған, ішінде құран тәпсірлері, түрлі мақал-мәтелдер бар», - деді Шымырбай Нартаев.
Кеште сөз алған Түркістан облыстық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары Яха Сапаева өңірде 3000-нан астам шешен-ингуш тұратынын айтты.
«Бұл күн өте қаралы, ауыр жылдарды еске салады. 23 ақпан, 1944 жылы Орта Азиядан менің ата-анам Қазығұрт ауданы, Рабат селосына 10 наурызда көшіріліп келген екен. Ата-анам осында танысып, отау құрды. Мен төртінші ұрпағымын. Біз әрдайым Отанымыз Қазақстан деп мақтанамыз. Осы облыста әлеуметтік салада көп жыл басшының орынбасары болып еңбек еттім. Біздің елімізде «сен басқа ұлт өкілісің» деген әңгіме жоқ. Еліне қызмет еткісі келетін адам «мен де үлесімді қосамын» деп ұмтылса, өз орнын таба алады. Ол үшін ең бірінші Қазақстанды Отаным деп сүюі керек. 93 жастағы әкем бата берген кезде қазақ халқына үнемі алғысын айтып отырады. «Қазақ халқы болмағанда, осы күнге жетпесе едік» деп айтады. Елімізге қызмет етейік, Қазақстан дамып, 30 мемлекеттің қатарына енсе бақытты ел боламыз деп ойлаймын», - деді Яха Сапаева.
Айта кетейік, 1993 жылы Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Оның мақсаты – әділдікті орнату және зардап шеккендердің шығынын өтеу. Еліміздің астанасында 2012 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандары құрметіне ескерткіш орнатылды. Монумент ауыр жылдардағы халықтың шеккен зардабы мен қайғысын еске салады. Бүгінгі таңда бірлік, ынтымақ, тұрақтылық – Қазақстанның дамуының басты қағидаты мен жарқын болашақ құру жолындағы берік іргетасына айналған.
Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков өзінің зерттеуінде ХХ ғасыр басында қазақ халқына жасалған ашаршылықтан 4 млн адам қаза тапты деген болатын. Ашаршылыққа дейін қазақ халқының саны 6 млн болған деген деректер бар.
«Қазақ тарихында орны толмас осындай оқиға әлемде ешбір мемлекетте бұрын-соңды болмаған. Мұндай нәубетке толы зұлмат жылдарды бүгінгі біздің тәуелсіз елдің жастары білуі міндетті. Еске алу күнін өз дәрежесінде атап өтіп, бабалар рухына құран бағыштау борышымыз екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолына сіңірген еңбектері қаншама. Бұл күнді «қаралы күн» деп айта салғанымызбен, астарында тұтас тарих пен бабаларымыздың көз жасы жатыр», - деді облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Нағима Қырықбаева.