Тудың қызу талқыға түсу себебі, елдің де махаббатынан деп ойлаймын – Қансейіт Мұхаммед
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жексенбіде Түркістан өңірі, Ақсукент ауылдық округінде орналасқан «Светофор» супермаркеті мен Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан өрт шыққан болатын.
Оқиға кезінде қою түтінге қарамастан өмірін қатерге тігіп, мемлекеттік рәмізіміз Ту мен Елтаңбаны аман алып қалуға тырысқан Мұхаммед Қансейіттің жасаған әрекеті желі беттерінде қызу талқыланып, жұртшылықтың назарын аударып, тәнті етті.
Айта кетейік, аталған орталықтың маманы 26 жасар Шіркін ауылының тұрғыны Мұхаммед Абылхасымұлы осы азаматтық ерлігіне орай, мемлекеттік рәміздерді аман алып қалғаны үшін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің қолынан алғыс хат алды.
Оқиғаның кейіпкері Мұхаммед Қансейіттің айтуынша, жексенбі күні туысқанының үйіне қонаққа келген екен.
Адамдар шулап кетті, бір кезде сыртқа шығып қарасам жұмыс жақтан шыққан өртті көрдім. Ғимаратымыздың жанында қоқыс жәшігі бар еді, алғаш түтін содан шығып жатыр деп ойладым. Жақындап келсем өртеніп жатқан ғимарат екен, ең бірінші кіре берістегі Елтаңбаны алдым. Өрт сөндірушілер жақындама деп ескертіп жатқанына қарамастан, терезе арқылы өзім жұмыс істейтін ғимараттың шатырына шығып, Туды да шешіп алдым. Жарақат алған жоқпын. Содан соң ішке кіріп қалған құжаттарды тез-тез алып шығуға тырыстық, - деді сол күнгі оқиғаны еске алған Мұхаммед Қансейіт.
Ол өз сөзінде әрбір Қазақстан Республикасының азаматы туды, Елтаңбаны әрдайым жоғарыда биіктерден көрсетіп жүруге міндетті санайтынын айтып өтті.
Өрттің салдары неден шыққаны әлі белгісіз, электр тогының зақымдалуынан шыққан деген де болжам айтылып жатыр. Ту мен үшін жай ғана мата емес, киелі нәрсе. Оны қастерлеуіміз керек. Ол ту қазір өзімізде сақтаулы тұр. Жалпы, өрт шықса ең бастысы осындай маңызды мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік мекеме болғандықтан құжаттарды аман алып қалуға тырысу керек. Ал әлеуметтік желіге шығып жатқан мақтаулар мен талқылауларды шетінен көріп жатырмын. Жұртшылықтың бұл көріністі көп талқылап кету себебі, елдің де Туға деген шексіз махаббаты, патриоттық сезімі деп ойлаймын. Олар да тудың жанып кеткеніне бей-жай қарай алмас еді, - дейді ол.
Ол туды аман қалған сәтін ерлік деп санамайды. Оқиға болған күні телефонға түсіріп алған видео әп-сәтте желілерді шарлап, Мұхаммедтің туысқандарына да жеткен. Айта кетейік, Мұхаммед отбасында бес баланың ортаншысы. Оқиғаны үйдегілерге айтпаса да олар бұл жайттан хабардар болып үлгерген.
Қазір Мұхаммед Қансейіт Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесін ұйымдастыру бөлімінің маманы болып еңбек етеді. Ол желі қолданушыларының «пәтер берілсін» деген пікіріне ризашылығын білдірді.
Мен өзімді керемет ерлік жасадым деп санамаймын, оны мақтанайын деп те тұрған жоқпын. Қазір екінің бірінің қолында ұялы телефон болғандықтан, болып жатқан сәтті түсіріп ала қойды. Ал пәтер беремін деп жатса қарсылығым жоқ. Баспана әр қазақтың өзекті мәселесі ғой, - деді Мұхаммед Абылхасымұлы.
Еске сала кетсек, 17 шілде күні түскі сағат бірлер шамасында сағат 13:30 шамасында Ақсукент елді мекеніндегі «Светафор» сауда үйінен өрт шығып, жанындағы аудандық әкімдікке қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығына дейін шарпыған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды бір сағатта сөндіргенімен ғимараттың елу пайызы жанып кеткен. Оқиға бойынша зардап шеккендер болмаған.
Қазіргі таңда, Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы уақытша мекенжайын ауыстырды. Мекеме әзірге Сайрам ауданының тұрғындарын Ақсукент ауылы, Бекзат Саттарханов көшесіндегі нөмірсіз үй, Дендросаябақтағы Неке қию ғимаратында қабылдап жатыр.