Цой: Бакеевамен 40 минут сөйлестім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін министр әлеуметтік желілерде тарап жатқан шымкенттік реабилитологтың видеосына қатысты ойын білдірген болатын. Осыған қатысты бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирустық инфекциямен күрестегі өзекті сұрақтар" тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрігер Айна Бакеевамен сөйлескенін айтты.
Бізге ем-домның күрделі әдісі бойынша өтінім жасаған дәрігер Айна Бакееваның хабарламасына қатысты біршама сұрақ келіп түсті. Бүгін онымен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі проблеманы, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Түрлі ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерден көріп алған адамдар дәріні өз бетінше қабылдай бастайды. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықты нашарлатады. Осындай мәселелерге қатысты мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен, - деді ол.
Министр Денсаулық сақтау министрлігі халыққа арналған кеңестерді ресми бекіткенін айтты және емдеу хаттамасын азаматтарға жеткізуге Айна Бакеева да көмектесетінін жеткізді.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми кеңестерді әзірледі. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жарияланады. Әлеуметтік желілер арқылы да халыққа жеткізіледі. Дәрігер Айна Бакеева да ем-дом хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға жеткізетінін айтты. Осы орайда менің Фейсбуктегі жеке парақшама хабарласып, кеңестерді, бейнероликтерді халыққа жеткізу мақсатында өздерінің алаңдарында тегін жүргізуге көмектескісі келетінін айтып жатқан түрлі блогерлер, азаматтық қоғам өкілдері баршылық, - деді министр.