Астаналық цирк халықаралық фестивальде арнайы сыйлық алды

Астана, BAQ.KZ.  Астаналық цирк эквилибристтері Монте-Карлода Халықаралық цирк өнері фестивалінде арнайы сыйлықтың иегері атанды. Ёка Конурбаева мен Назерке Мерекеқызы «Сигвейдегі эквилибр» атты ерекше қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Бұл туралы Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Варшавалық және якутиялық цирк майталмандары астаналық цирк артистерінің шеберлігіне ерекше тәнті болды. Астаналық цирк әртістерінің аталмыш шараға биыл алғаш рет қатысып отырғандарын айта кеткеніміз жөн.

Монте-Карлодағы 43-ші Халықаралық цирк өнері фестивалі қаңтардың 17-27 аралығында өтті. Шараның негізін 1974 жылы князь Монако Ренье III қалаған болатын. Содан бері фестиваль Монако ханшайымы Стефанияның қамқорлығымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Үстіміздегі жылы акробатика, сайқымазақтар, эквилибристика, сиқырлық және аң үйрету сынды түрлі жанрларда әлемнің 15 мемлекетінің жас артистері цирк күмбезінің астында өнер көрсетті.

Халықаралық фестивальге шақыру Ёки Конурбаева мен Назерке Мерекеқызына елорданың 20 жылдығы аясында былтыр шілде айында Астанада өткен «Азия жаңғырығы» жыл сайынғы цирк өнері фестивалінде табысталды. «Азия жаңғырығы» фестивалінің қазылар алқасының құрамында болған Еуропалық цирк қауымдастығының президенті, Монте-Карло цирк фестивалінің Вице-президенті Урс Пилс эквилибристер жұбының өнерін жоғары бағалап, оларды әлемдегі цирк өнері саласындағы ауқымды шараға қатысуға шақырды. Айта кетейік, Астанада өткен фестивальдің қорытындысы бойынша «Сигвейдегі эквилибр» қойылымы 3-орын алды.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы