Цифрлық технологиялар сот процесін айтарлықтай жеңілдетті - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Президенттің айтуынша, әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс.

Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды.

Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру.

Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы