Бүгiн 2026, 12:16 Фото: ОКҚ

Цифрлық құқық пен әйелдердің мүмкіндігі: Жаңа Конституция нені өзгертеді?

Конституцияның жаңа мәтінінде азаматтардың цифрлық құқықтары нақты бекітіледі.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай жаңа Конституциялық жобадағы цифрландыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БҰҰ Әйелдер ұйымының 2024 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 54,3%-ы STEM мамандықтары қыздарға сәйкес келмейді деген пікір білдірген. Бұл қоғамда әлі де стереотиптердің бар екенін көрсетеді. Сондықтан әйелдердің технологиялық салалардағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысты күшейту қажеттілігі туындап отыр.

Конституцияның жаңа мәтінінде азаматтардың цифрлық құқықтары нақты бекітіледі. Атап айтқанда азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығы және цифрлық ортадағы жеке өмірдің қол сұғылмаушылығы конституциялық деңгейде танылмақ.

Бұл өзгерістер цифрлық құқықтардың мемлекет тарапынан ресми танылғанын білдіреді. Яғни әрбір азамат цифрлық кеңістікте өз деректерінің қорғалатынына және жеке өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік алады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл норма Қазақстанда саналы цифрлық азаматтықтың құқықтық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дегенмен құқықтың заң жүзінде бекітілуі жеткіліксіз. Оны тиімді пайдалану үшін азамат цифрлық сауатты, қауіпсіздік ережелерін білетін және жауапты болуы қажет. Сондықтан бүгінгі таңда цифрландырумен қатар, қоғамда цифрлық мәдениетті қалыптастыру мәселесі де өзекті болып отыр,-дейді ол.

Сондай-ақ жаңа Конституция азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғаумен қатар олардың жауапкершілігін де арттырады.

Цифрлық құқықтар бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олардың қатарында жеке деректердің қорғалуы, онлайн алаяқтықтан қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық тең мүмкіндіктер бар,- деді ол.

Оның сөзінше, бұл нормалар қоғамдағы барлық әлеуметтік топтар үшін тең мүмкіндік алаңын қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе әйелдер, жастар және ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Соның ішінде әйелдердің IT және технология саласына еркін кіруіне құқықтық негіз қалыптасады.

Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Комиссия отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатты дамытуға, сондай-ақ әйелдер мен отбасылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда,- деп атап өтті Қанай.

Осы кешенді жұмыстар аясында қыз-келіншектерді инновация мен технология саласына тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту және цифрлық құзыреттерін арттыру бағытында түрлі бағдарламалар қолға алынған.

Соңғы жылдары ерекше сұранысқа ие болған жобалардың бірі – «IT-Aiel» бағдарламасы. Бұл бастама жұмыссыз әйелдер мен декреттегі аналардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Жоба «TechnoWomen» ұйымы мен Astana Hub халықаралық технопаркінің серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда, - дейді ол.

Аталмыш бағдарлама аясында әйелдер цифрлық дағдыларды меңгеріп, қаржылық сауаттылықты арттырып, жаңа мансаптық мүмкіндіктерге қол жеткізуде. Үш жыл ішінде жоба арқылы 21 мыңнан астам әйел білім алған. Тек 2025 жылдың өзінде 4 мыңнан астам әйел оқудан өтіп, 1334 қатысушы жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ 2025 жылы «Aqyl Tech» бағдарламасы іске қосылды.

Бұл жоба қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік және жаңа жасанды интеллект мамандықтары бойынша жаппай оқытуға бағытталған. Бағдарлама аясында 6 264 жас сертификат алып, олардың 1600-ден астамы жұмысқа орналасқан немесе фриланс қызметін бастады,-дейді Қанай.