Цифрлық медицина және отандық фармацевтика: Жолдаудан кейінгі міндеттер
Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Тимур Әжіғалиев Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, Президент Үкіметке халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылаудың жаңа жүйесін жасанды интеллект технологиялары арқылы құруды тапсырды. Сонымен бірге, еліміз үш жылдың ішінде «цифрлық мемлекетке» айналуы тиіс екендігі атап өтілді.
Жолдауда стратегиялық маңызы зор фармацевтикалық өндірісті дамытуға ерекше мән берілетіні айтылды. Бұл міндет біздің салаға да тікелей қатысты. Жұқпалы аурулар қызметі тек эпидемиологиялық қауіптермен күресіп қана қоймай, заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, халыққа сапалы көмек көрсетуге жауапты, – деді Тимур Әжіғалиев.
Қазіргі таңда медициналық ақпараттық жүйелер кезең-кезеңімен енгізілуде, телемедицина кеңейіп келеді, ал пациенттерді Face ID арқылы сәйкестендіру жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіліп, госпитальдық фармация бөлімшелері ашылып жатыр.
«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа нысандар салу, жұмыс істеп тұрған мекемелерді күрделі жөндеу және аудандық ауруханаларды көпсалалы сипатқа көшіру көзделген. Жұқпалы аурулар қызметінің басты мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау. Біз Президент Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға белсене атсалысып, заманауи технологияларды енгізуді жалғастырамыз, – деп түйіндеді Әжіғалиев.