Цифрлық инженерлер және қарттарға арналған тұрғын үй дизайнері: Қытай еңбек нарығына 12 жаңа мамандық қосады
2019 жылдан бері Қытайда барлығы жеті жаңа мамандық енгізілген. Ал жаңа өзгерістерден кейін елдегі ресми мамандықтардың жалпы саны 110-ға жетеді.
Қытайда жасанды интеллект пен әлеуметтік салаға қатысты 12 жаңа мамандық енгізілмек. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Қытай Халық Республикасының Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі мәліметінше, елде мынадай жаңа мамандықтар пайда болады: цифрландыру инженері, жасанды интеллекті бар роботтарды қолдану жөніндегі техникалық маман, спорттық деректер талдаушысы, төмен биіктіктегі әуе экономикасы саласының логисі, интеллектуалды агенттерді әзірлеуші, жаңа энергия көздерімен жүретін көліктерді тексеруші маман, егде жастағы адамдарға арналған тұрғын үй ортасын бейімдеу дизайнері және басқа да кәсіптер.
Министрліктің айтуынша, бұл бастама Қытай экономикасындағы өзгерістерге сай еңбек нарығын бейімдеуге бағытталған. Елде жаңа өндіріс салалары қарқынды дамып, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, қызмет көрсету секторының маңызы артып келеді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Жаңа мамандықтар бойынша ұлттық кәсіби стандарттар әзірленеді. Олар кәсіптік білім беру, мамандардың біліктілігін арттыру және кәсіби құзыретін бағалау кезінде негізгі бағдар ретінде қолданылатын болады.
2019 жылдан бері Қытайда барлығы жеті жаңа мамандық енгізілген. Ал жаңа өзгерістерден кейін елдегі ресми мамандықтардың жалпы саны 110-ға жетеді.
Сондай-ақ Қытай алдағы уақытта цифрлық экономика, «жасыл» экономика және «күміс экономика» (егде жастағы адамдарға арналған қызметтер мен өнімдер нарығы) бағыттарында жаңа мамандықтарды дамыту мен жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырады.