Цифрлық даму министрлігі сайлау кезінде TikTok пен YouTube-тың ЖИ-контентке қатысты жауапкершілігін түсіндірді
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін барлық цифрлық платформалар ұлттық заңнаманы сақтауға міндетті, ал жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті таңбалау негізгі талаптардың бірі болады.
Қазақстанда жұмыс істейтін TikTok, YouTube және басқа да цифрлық платформалар ұлттық заңнама талаптарын, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті таратуға қатысты нормаларды сақтауға міндетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өткен сарапшылар кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр таңбаланбаған жасанды интеллект контентіне қатысты жауапкершілік ірі интернет-платформаларға да жүктеле ме деген сұраққа жауап бере отырып, заң талаптары материал авторларына да, Қазақстан аумағында қызмет көрсететін цифрлық сервистерге де бірдей қолданылатынын айтты.
TikTok Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді. Ал басқа платформалардың елімізде физикалық кеңсесі болмауы мүмкін. Соған қарамастан олар заңды тұлға ретінде Қазақстан заңнамасының талаптарын орындауға міндетті. Бұған Қазақстанда ресми жұмыс істейтін Binance компаниясын мысалға келтіруге болады, – деді Бақтияр Мұхаметқалиев.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні реттеу кезінде жаңа технологияларды дамыту мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арасында тепе-теңдік сақталуы қажет.
Вице-министр қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған ақпараттың таралуы екенін атап өтті.
Жасанды интеллект арқылы жасалатын жалған ақпараттың түрлері күн өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан мұндай контентті таңбалау тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де аса маңызды. Өйткені бүгінде жасанды интеллектіні пайдаланып жасалатын алаяқтық деректері жиілеп барады, – деді ол.
Сонымен қатар Бақтияр Мұхаметқалиев Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттың дамуына стартаптардың көбеюі, технологиялық компанияларға қолайлы жағдай жасалуы, заңнаманың жетілдірілуі және мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті таңбаламағаны үшін жауапкершілікке тарту тәжірибесі бар ма деген сұраққа жауап берген вице-министр мұндай жағдайлардың қазірдің өзінде кездесетінін, бірақ әзірге жаппай сипат алмағанын жеткізді.
Мұндай жағдайлар бар, бірақ әзірге кең көлемде емес. Бұл саладағы заңнама енді ғана іс жүзінде қолданыла бастады. Уақыт өте келе оны қолдану тәжірибесі қалыптасып, жауапкершілік тетіктері де біртіндеп жетілдіріледі, – деді Бақтияр Мұхаметқалиев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова қазіргі қазақстандық сайлаушының ерекшеліктері туралы зерттеу нәтижелерін таныстырды. Сарапшының айтуынша, сайлауға қатысуға партияның танымалдығы мен азаматтардың өз өміріне берген бағасы ықпал етеді.
Тағы оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауына халық қаншалықты дайын? ҚСЗИ директоры болжамын айтты
«Партиялардың шынайы бет-бейнесі көрінді»: Саясаттанушы алғашқы теледебатқа баға берді