Цифрландырудан бұрын басқарушылық тәртіп қажет – сенатор
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова Ұлттық құрылтайда цифрландыру мен жасанды интеллект енгізуде алдымен басқару жүйесінде тәртіп орнату маңызын айтқан Мемлекет басшысы көзқарасын қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басқару жүйесінде тәртіп жоқ кезде цифрландыру мен жасанды интеллект хаосты жоя алмайды. Сондықтан цифрлық трансформациядан бұрын басқарушылық тәртіп пен жауапкершілік орнатылуы тиіс, – деді ол.
Нұрия Ниязова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры саласында анықталған заңбұзушылықтарды мысалға алды.
Атап айтқанда, медициналық қызметтердің дұрыс бөлінбеуі, дәрі-дәрмектерді тағайындауда, оның ішінде балаларға қатысты қателіктер болды. Дұрыс басқару және тиімді цифрлық платформа болса, мұндай бұзушылықтарды болдырмауға болатын еді, – деді сенатор.
Ниязова осындай мәселелер жеке мектептерді қаржыландыру саласында да анықталғанын атап өтті. Ол Президенттің мемлекеттік білім беруді қаржыландыру жүйесі дұрыс жұмыс істемей жатқанын, оны жылдам түзету қажет екенін еске салды.
Сонымен қатар сенатор алаяқтық тақырыбына тоқталды. Оны Президент ұлттық қауіпсіздікке қауіп деп атаған болатын. Нұрия Ниязованың айтуынша, парламент қаржы және кредиттік алаяқтық схемаларына қарсы заңнамалық шаралар әзірлеуде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда алдағы бір палаталы парламентті “Құрылтай” деп атауды ұсынды. Бұл бастамаға Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов пікір білдірді.