Цифрландыру және ЖИ жылы: Алматыда БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығы құрылады
Аталған Орталық Жапония, Қытай, Корея Республикасы, Үндістан және Иранда жұмыс істейтін бейінді орталықтармен қатар БҰҰ АзТМЭӘК-ның алтыншы институционалдық құрылымы болады.
Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығы құрылады.
БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 82-ші сессиясы аясында Бангкок қаласында 52 мүше мемлекеттің консенсусымен Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарар қабылданды.
Жаңа БҰҰ институтының Қазақстанда құрылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылымен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие. Аталған Орталық Жапония, Қытай, Корея Республикасы, Үндістан және Иранда жұмыс істейтін бейінді орталықтармен қатар БҰҰ АзТМЭӘК-ның алтыншы институционалдық құрылымы болады.Орталық БҰҰ қамқорлығындағы бейтарап халықаралық платформа ретінде қарастырылып, Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің мемлекеттік және қоғамдық қызметтер саласындағы үздік цифрлық шешімдерін айқындау және таратуға бағытталады, - деп хабарлады Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұхан атап өткендей, қарардың қабылдануы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің үйлестіруімен, ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты өкілдігімен бірлесіп бес жылдан астам уақыт бойы жүргізілген көпжақты келіссөздер процесінің табысты аяқталғанын білдіреді. Осы кезеңде жеті шолу зерттеуі жүргізіліп, БҰҰ АзТМЭӘК-ның 79-шы, 80-ші және 81-ші сессияларында үш кезеңдік қарарлар қабылданды. Маңызды кезеңдердің бірі 2024 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткен БҰҰ АзТМЭӘК-ның Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі министрлік конференциясы болды. Қорытынды кезеңде, 2026 жылы бастамаға тең авторлар ретінде Әзербайжан, Армения, Бангладеш, Вануату, Грузия, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Тимор-Лесте, Тонга, Түркия, Өзбекстан, Фиджи, Шри-Ланка мемлекеттері қосылды.
Форматы бойынша Орталық өңірдегі БҰҰ АзТМЭӘК институттарының ішіндегі ең ірілерінің біріне айналып, жобалық сыйымдылығы 130 адамға дейін жетеді. Оны Алматы қаласындағы UN Plaza ғимаратында орналастыру жоспарлануда. Тұжырымдама үздік цифрлық шешімдер мен тәжірибелердің халықаралық депозитарийін құруды көздейді.
Жаңа БҰҰ мекемесінің қызметі өңір елдері арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етіп, ең алдымен ең аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын елдер мен шағын аралдық дамушы мемлекеттерді қолдауға ерекше назар аударады. Жедел цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттерге ұлттық ерекшеліктерге бейімделген шешімдер әзірлеуге және цифрландырудың артықшылықтарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін технологиялар мен тәжірибе алмасудың инклюзивті тетіктерін қалыптастыру ерекше маңызға ие.
Қазақстан үшін Орталықтың құрылуы озық цифрлық технологияларды, халықаралық сараптаманы және жоғары білікті мамандарды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Алматы қаласының БҰҰ аясындағы өңірлік хаб ретіндегі рөлінің күшеюі халықаралық кооперацияны кеңейтуге, жетекші технологиялық компаниялармен және даму институттарымен серіктестікті дамытуға, сондай-ақ елдің Азия-Тынық мұхиты кеңістігіндегі заманауи цифрлық шешімдердің сенімді жеткізушісі ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Бастама сондай-ақ Қазақстанның IT-қызметтер саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға және отандық әзірлемелерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жағдай жасайды. Цифрлық шешімдерді енгізу және тарату жөніндегі жобаларды іске асыру, оның ішінде ең аз дамыған елдердің мүддесіне бағытталған бастамалар, өңір мемлекеттеріне институционалдық қолдау көрсететін халықаралық қаржы институттарының ресурстарын тартуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру Қазақстан Республикасының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын іске асыруға елеулі үлес қосатын болады.