Цифрландыру туралы заң ауылды сапалы интернетпен қамтуға көмектеседі – AMANAT
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді электронды құжаттар заң жүзінде оның қағаз түпнұсқасымен тең дәрежеде қолданылады. Ал ауылдық жерлерде ұялы байланыстың сапасы нашар болғаны үшін операторлар жауапқа тартылады.
Бұл туралы AMANAT партиясының баспасөз қызметі хабарлды.
Цифрландыру туралы жаңа заң өз күшіне енгеннен кейін қандай өзгерістер болып жатқаны туралы Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының IT-комитетінің төрайымы Екатерина Смышляева айтып берді.
Биыл 15 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Депутат атап өткендей, құжаттың маңызды тармақтарының бірі ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасын жақсарту болып отыр.
Энергетикалық инфрақұрылымға сүйене отырып, оптикалық-талшықты байланыс желісін әуеден тарту жөніндегі партиялық бастаманы барлық мүдделі мемлекеттік органдар қолдады. Елімізде электр желісі қарқынды дамыған. Тіпті шалғай ауылдық елді мекендерде де қуат көзі бар. Байланыс желісін әуе арқылы тарту – арзан әрі жылдам. Цифрландыру туралы заң ауылдарға сапалы интернетті тезірек жеткізуге көмектеседі. Бұл ретте, жауапсыз операторларға қатысты айыппұл санкциялары қолданылады, – деді ол.
Сондай-ақ, мәжілісмендер енгізген түзетулердің нәтижесінде еGovMobile мобильді қосымшасын қолдану аясы кеңейді. Бұл қосымша енді 20-ға жуық құжатты жинақтай алады.
Заң қабылданғаннан кейін азаматтардан құжаттардың түпнұсқасы талап етілмейді. Құжаттардың цифрлық нұсқасы қағаз нұсқамен тең деп танылды. Сонымен қатар, құжат берудің аумақтан тысқарылық қағидаты енгізіледі. Бұдан былай құжатты тұрғылықты жерге қарамастан, еліміздің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады, – деп атап өтті Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында ел Президентінің мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын іске асыру мәселесі қозғалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық трансформация департаментінің директоры Назгүл Бажаеваның айтуынша, «Қазпошта» АҚ базасында азаматтардың мемлекеттік қызметке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін цифрлық орындар құру жоспарлануда.
Бүгінде ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері орналасқан аудан орталықтарына немесе қалаларға барып, уақыт пен қаражат шығындауға тура келеді. Цифрлық орындар – компьютермен және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған, интернетке қолжетімді, азаматтарға қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жұмыс орны. Осыған ұқсас цифрлық орындар Қазпоштаның 2 мың ауылдық бөлімшесінде ашылады. Бұл күндері мұндай цифрлық орындар Шығыс Қазақстан облысында қанатқақты режимде жұмыс істеп жатыр, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Назгүл Бажаева саладағы білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Мәселен, жас мамандарды тарту мақсатында бағдарламалау мектептерінде білім алуға арналған арнайы гранттар қарастырылды. Бұл жоба «Astana Hub» және IT-мектептермен бірлесіп іске асырылады. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 20 мың білікті IT-маманын дайындау жоспарланып отыр.
Өз кезегінде, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры Рүстем Биғари мемлекеттік басқару жүйесіндегі клиентке бағдарланған тәсілге назар аударды.
Заңда алғаш рет цифрлық трансформация термині қолданылды. Мұндағы мақсат – азамат пен мемлекет арасындағы арақашықтықты барынша қысқарту. Азамат – мемлекет үшін клиент саналады. Цифрлық трансформацияның нақты мысалы – осы. Көп адам автокөлікті қайта ресімдеу үшін Kaspi.kz қосымшасын пайдаланады. Бүгінде 2 миллионға жуық адам мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармайды. Бұл – жеке сектор мен мемлекет кооперациясының бірегей үлгісі, – деді ол.
Айта кету керек, Заңды әзірлеуге сала мамандары мен сарапшылар, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясының фракция мүшелері қатысты. Жұмыс тобында барлығы 104 адам болды. Халық қалаулылары 600-ге жуық ұсыныс енгізді.