Цифрландыру дәуірінде медиа шындық пен этиканың көзі болып қалуға тиіс – БҰҰ өкілі

Елордада өтіп жатқан Astana Media Week 2025 алаңында БҰҰ-ның Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек журналистика мен медиаға технологиялық өзгерістер кезеңінде жүктелетін жаңа міндеттер туралы сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Самектің айтуынша, соңғы онжылдықтарда медиа саласы түбегейлі өзгерді. Дегенмен журналистиканың негізгі миссиясы өзгерген жоқ – қоғамға шынайы, тексерілген және этикаға сай ақпарат жеткізу.

Біріккен Ұлттар Ұйымының көзқарасы айқын: ақпараттың дұрыстығы және этикалық нормалардың сақталуы әрқашан бірінші орында. Бір нәрсе туралы жазатын болсаңыз, ол шындыққа сәйкес болуы, бұрмаланбауы және тексерілген дерекке негізделуі керек, – деді ол.

БҰҰ өкілі интернет, цифрлық технологиялар және жасанды интеллекттің дамуы ақпарат таратуға үлкен мүмкіндіктер ашқанын айтты.

Алайда сонымен бірге адамзаттың алдына: "қоғам ақпарат ағынын қалай қабылдап, оны сараптай ала ма?" деген күрделі сұрақ қойылды. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Интернет – басты байланыс құралына айналды. Әлемнің кез келген нүктесінен жаңалықты сол сәтте аламыз. Бірақ біз, адамдар, ақпаратты саралап, шындық пен жалғанды ажырата аламыз ба – мәселе осында, – деді Самек.

Ол БҰҰ-да қазір Жаһандық цифрлық келісім (Global Digital Compact) талқыланып жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат мүше мемлекеттердің бәріне ортақ цифрлық орта мен интернетті қолданудың бірыңғай қағидаларын айқындауды көздейді.

Бұл келісім мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне қайшы емес. Керісінше, жауапты цифрлық өзара әрекеттесу үшін бірыңғай принциптер қалыптастыруды мақсат етеді. Интернет – бүкіл планетаны байланыстырып тұрған желі болса, туындайтын қиындықтарды да бірлесе шешу керек, – деді БҰҰ өкілі.

Властимил Самектің Astana Media Week-тегі сөзі форум қатысушылары арасында үлкен қызығушылық туғызды. Ол қазіргі медиакеңістікте этика, сенім және цифрлық жауапкершіліктің неге маңызды екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы