Трұмов Қарашөкеевке ұсыныс жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР ауылшаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевке ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жолдады.
Әкім әуелі Маңғыстау өңірінде төрт түлікті өсіруге қатысты кешенді ғылыми-сараптау жұмысын жүргізіп беруді сұрады.
Қазір еліміздің өзге облыстарында бір тонна шөптің бағасы 5 мың теңге, бұл Маңғыстауға жеткізілгенше жол шығыны қосылып, бір тонна шөп 15 мың теңгеге көтеріліп отыр. Бұл жағдай өңір шаруаларының қалтасына ауыр тиюде - деген облыс әкімі С.Трұмов ауылшаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е.Қарашөкеевтен жем-шөп тасымалының шығынын жабу үшін субсидия бөлуді қарастыруды сұрады.
Мұнан соң өңір басшысы шаруалардың құдық қазуға кеткен шығынының 80% субсидиялауды сұрады.
Айта кетейік, Маңғыстау облысына екі күндік жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қарақия, Түпқараған және Маңғыстау аудандарының мал өсірушілерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және кәсіпкерлерімен кездесті. Жергілікті деңгейде азықпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Облыс әкімімен кездесіп, өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
Тағы бір жаңалық, өңірдегі табиғи резерваттарға мал жаю және сол жерлерден шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Қазіргі уақытта Бопай мен Тасорпа резерваттарында шөп шабу жұмыстары басталып та кетті. Тоғыз шөп шабушы бригада жұмыс істеуде.