Триатлоннан Азия кубогі: қазақстандықтар екі орын алды
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте тұңғыш рет триатлоннан өткен Азия Кубогінің жеңімпаздары анықталды.
Салауатты өмір салтын ұстануды насихаттайтын турнирге әлемнің 14 елінен және Қазақстаннан барлығы 34 ер және 11 әйел атлет қатысты. Бірінші орынды еуропалықтар жеңіп алса, қазақстандық қатысушылар да жүлделі орындарды иемденді.
Триатлон спортынан «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» турнирінің бірінші күні, 25 мамыры кәсіпқой спортшылар арасында өтті. Жарысқа әлемнің 14 елінен, атап айтқанда Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, АҚШ, Франция, Иордания, Румыния, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қазақстаннан атлеттер қатысты. Олар ерлер және әйелдер санатында өзара мықтыны анықтады.
Ерлер арасында I орынды Сербия азаматы Огнен Стоянович жеңіп алса, қазақстандық Аян Бейсенбаев II орынға шығып, Австриядан келген Лукас Гсталнтер III орынға тұрақтады.
Ал әйелдер арасында Румыниядан келген Манак Антонелла I орын алды. Оңтүстік Кореядан келіп, Азия Кубогына қатысқан Юн Джан Чан II орынға, қазақстандық Арина Шульгина III орынға шықты.
Триатлоннан «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» турнирі 25-26 мамыр күндері өтіп жатыр. Бірінші күні кәсіпқойлар өз арасынан мықтыны анықтады. Олар «Жайлаукөл» саябағының су айдынында 1500 метрге жүзді, Байдібек би даңғылында 40 шақырым велосипедте жарысты, 10 шақырымға жүгірді.
Ертең жарыстың екінші күнінде әуесқой атлеттер арасында триатлоннан ұлттық турнир өтеді. Сағат 9-да басталатын сайысқа жеке есепте 77 атлет пен 2 эстафеталық команда қатысады.
Айта кетсек, Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup – құрамына 35 ел кіретін Азиялық Триатлон Конфедерациясының бастамасымен кәсіби спортшылар арасында триатлоннан өткізілетін құрлықтық турнир саналады.
Турнирді «Shymkent» ӘКК» АҚ қолдауымен Қазақстан Триатлон федерациясы мен Шымкент қаласының триатлон федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.