Travelogue of China. Аспан асты елімен танысуға мүмкіндік беретін жоба басталды

Қытайдың Циндао қаласында «Қытайға саяхат» жобасы іске қосылды. Салтанатты іс-шара Халықаралық ЭКСПО орталығында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жобаны салтанатты түрде іске қосу рәсіміне 18 елден журналистер, соның ішінде қазақстандық журналистер де қатысты.

Жоба журналистерді Қытайдың тарихи және мәдени мұрасымен, заманауи технологиялардың дамуымен және Қытай қалалары қол жеткізген жоғары сапалы технологиялармен танысуға шақырады.

Қытайға саяхатты бастау рәсімі Шығыс Қытайдың Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өтті.

Бұл іс-шара Қытай мен әлемді байланыстыратын көпір ретінде қызмет етеді, - деді Циндао муниципалдық комитетінің Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) Тұрақты комитетінің мүшесі және Қытай-Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) Циндаодағы экономикалық және сауда ынтымақтастығының жергілікті демонстрациялық аймағының ҚКП жұмыс комитетінің хатшысы Чжан Синьчжу.

Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығының президенті Ву Хайлун бұл іс-шараның арқасында шетелдік журналистер Қытайдың жан-жақты бейнесін объективті түрде көріп және оны өз оқырмандарына да көрсете алатынын айтты.

Қазақстандық журналист Саида Жаркинова да іс-шараның туристер үшін маңызды екенін айтты.

Өздеріңіз білетіндей, Сианьда өткен саммитте еліміз бен Қытай арасындағы визасыз режим енгізу туралы құжатқа қол қойылды. Енді құжат өз күшіне енген соң отандастарымыз Қытаймен өздері таныса алады, Қытайға саяхат жасай алады. Мұндай жобаның іске қосылғаны маңызды деп есептеймін. Әр адам саяхат жасап, ел көрсе, жаңа мәдениетпен, тарихпен танысса, жаңа достар тапса, керемет емес пе?! – дейді Жаркинова.

Еске сала кетейік, 18-19 мамыр аралығында Қытайдың Сиань қаласында «Қытай-Орталық Азия» саммиті өткен болатын. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты.

Еліміз бен Қытай арасында 18 құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімге келді. Сонымен қатар саммиттің қорытындысы бойынша 6 елдің басшысы «Сиань декларациясын» қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы