Транзит – жаңа мұнай: Қазақстан көлік-логистика саласын жан-жақты дамытпақ
Әлемдік сауда жолдары қайта қалыптасып жатқан тұста көлік және логистика саласы көптеген ел үшін экономиканың негізгі даму бағытына айналып отыр. Мемлекет басшысы да «Түркістан» газетіне берген сұхбатында көлік-логистика әлеуетін күшейту ел үшін стратегиялық міндет екенін атап өткен еді. Қазақстанның көлік-логистика саласында қандай жаңа мүмкіндіктері бар, президент қандай баға берді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісі материалында.
Президенттің сөзінше, Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет болғанымен, Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы - бізге берілген үлкен мүмкіндік. Енді сол артықшылықты ел пайдасына жарату керек.
Қазақстан нені көздейді?
Президент сұхбатында айтылған басты мақсаттың бірі - Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік хабы ретінде орнықтыру. Бұл бағыт тек тасымал көлемін көбейту емес, тұтас экономикалық тізбекті жылдамдататын жүйе қалыптастыруды білдіреді.
Бүгінде логистика инфрақұрылымның жай ғана бөлігі емес. Ол өндірістің ырғақтылығы, ішкі нарықтағы тауар қозғалысы, экспорттың уақтылы орындалуы және халықаралық серіктестер алдындағы сенім сияқты маңызды факторларға тікелей ықпал етеді.
Президент басылымға берген сұхбатында «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралін саладағы бетбұрысты жоба ретінде атап өткен еді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалды айтарлықтай ұлғайтып, жүк көлемін 5 есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
Транзит үшін күрес күшейген уақытта дәл осындай инфрақұрылымдық шешімдер Қазақстан бағытын халықаралық тасымалдаушылар үшін тиімді әрі сенімді етеді.
Қазақстан арқылы өтетін дәліздер: транзиттік рөл күшейіп келеді
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мұхитқа тікелей шығатын ел болмаса да, Еуразиядағы жүк қозғалысын қамтамасыз ететін кең ауқымды жүйе құра білді.
Қазір еліміздің аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның ішінде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі жұмыс істейді.
Бірақ мұның барлығы табысқа оңайшылықпен әкелмейтінін де тілге тиек етті.
Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар,-деді мемлекет басшысы.
Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықпен тасымалданатын жүктердің 85 пайызға жуығы осы бағыттар арқылы жеткізіліп отыр. Бұл көрсеткіш Қазақстанның халықаралық транзиттегі салмағын айқындай түседі.
Қазақстан басымдық берген бағыттар: Орта дәліз және Солтүстік – Оңтүстік
Сұқбатта Президент Қазақстанның бірқатар халықаралық бастамаларға белсенді атсалысып келе жатқанын айтқан еді. Олардың қатарында: Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, Транскаспий бағыты -«Орта дәліз» бар.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы «Ресей- Қазақстан -Түрікменстан - Иран» бағыты арқылы теңіз айлақтарына шығу мүмкіндігін перспективалы деп бағалады. Сондай-ақ Президент Орта дәліз жұмысына Қытайдың қосылуын құптайтынын жеткізді.
2026 жыл: халықаралық дәліздерде қандай өзгерістер болады?
Президент айқындаған стратегиялық бағыттар 2026 жылы нақты жобалармен жалғасады. 2026 жылы бұл бағыттарда бірқатар маңызды өзгерістер мен жетілдірулер күтіледі.
ҚР Көлік вице-министрі Қалиақпаровтың сөзінше, биыл дәліздердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейеді.
Біз транзиттік бағыттардағы «тар жерлерді» жою, теміржол, жол, порттық хабтар мен логистикалық орталықтарды жаңғырту бойынша нақты жобаларды іске қосып жатырмыз. Бұл жүк қозғалысының жылдамдығын арттырып, өткізу қабілетін ұлғайтады,-дейді ол.
Сондай-ақ теміржол саласында жалпы 1700 шақырым жол бойында жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 75 шақырым учаскеде Алматыны айналып өту жобасы салынып, қазіргі таңда пойыздардың жүріп өтуі жүзеге асырылуда.
Ал автомобиль жолдары саласында осы жылы 10 мың шақырым жол ремонт жұмыстарымен қамтылады.
Басым бағыттар Жезқазған-Қарағанды, Ақтөбе-Ұлғайсын, Сарыағашты айналып өту және Атырау-Доссор учаскелері,-дейді Ведомство.
Сонымен қатар, 2026 жылы теңіз порттарының қуатын кеңейту үшін Ақтау портында тереңдету жұмыстары басталады. Контейнерлік хабты толық пайдалануға беру жоспарлануда. Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды терминалын салу жалғасады.
Екіншіден, дәліздердің интеграциясы мен үйлесімділігі жақсармақ.
Қазақстан аймақтық және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, транзиттік маршруттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл әсіресе Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс бағыттары бойынша логистикалық ағындарды тұрақтандыруға септігін тигізеді,- дейді Вице-министр.
Үшіншіден, цифрлық платформа мен цифрландырудың рөлі артады.
2026 жылы транзиттік процестерді оңтайландыру үшін цифрлық шешімдерге басымдық беріледі. Біріккен ақпараттық жүйелер, электронды кедендік рәсімдер, “жасыл дәліздер” және логистикадағы автоматтандыру құжат айналымын қысқартып, тасымал уақытын азайтуға ықпал етеді.
Көлік вице-министрі сөзінше, Қазақстанның көлік-логистика саласындағы міндеті тек инфрақұрылымдық жобалармен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, басты мәселе - дәліздердің тиімді жұмыс істеуі және транзиттің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
«Біз халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттырумен қатар, транзиттік маршруттардың жылдамдығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз. Сонымен бірге цифрлық шешімдер арқылы тасымал процесін жеңілдетіп, Қазақстан бағытын халықаралық операторлар үшін тартымды ету - негізгі міндеттердің бірі», - деді вице-министр.
Президент сұхбатында көтерілген бастамалар Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттыруға бағытталғанын айқын көрсетеді. 2026 жылға жоспарланған теміржол құрылысы, автожолдарды жөндеу, порттарды кеңейту және цифрландыру шаралары іске асса, Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең тиімді әрі бәсекеге қабілетті логистикалық бағыттардың біріне айналуға жақындай түседі.