Транзит – тіршіліктің күретамыры
Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан Еуразияның басты транзиттік хабына айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Ендеше, елімізді Еуразияның басты көлік-логистикалық, транзиттік хабына айналдыру несімен тиімді? Мамандар сараптасын.
Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Осы міндетті іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды. Министрлік осы саладағы өзекті мәселелер бойынша шұғыл және тиімді шешімдер қабылдауы керек. Нақты нәтиже күтемін,- деді Президент.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде транзиттік жүк тасымалының көлемі 19%-ға ұлғайып, 24,8 миллион тоннаға артқан. Контейнерлік транзит 1 млн 180 мың жиырма футтық эквивалентті (ЖФЭ) құрады. 2023 жылы 3 ірі жаңа жобаны іске асыру басталды. Атап айтқанда, «Дарбаза-Мақтаарал», «Алматы стансасын айналып өтуге арналған темір жол», «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол өткізу пункті. Бұл жобалар Орталық Азия елдері бағытындағы өткізу пунктерінің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік, жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар Қытай бағытында қазақстандық инфрақұрылымның өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттырады.
Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Эльмира Баймұханбетованың айтуынша, логистика – бұл тауарларды қажетті сапада, мөлшерде, қажетті уақытта, қажетті жерде ең аз шығындармен қамтамасыз етудің ең тиімді нұсқасын таңдауға жауап беретін кең кәсіби сала. Логистика саласы – экономиканың күретамыры, оның дамуын ынталандырудың негізгі факторы, сондықтан көлік логистикасын дамыту – мемлекеттік міндет.
Бүкіл әлемде логистика өте тиімді сегмент болып табылады. Көлік логистикасының әлемдік нарығы шамамен 3 трлн АҚШ доллары. Экономикалық даму динамикасы логистикалық қажеттіліктерге тиімді қызмет ете алатын көлік жүйесінің тиісті эволюциясын талап етеді. Дүниежүзілік даму банкі жүргізген талдау қорытындысы бойынша Қазақстанда логистика тиімділігінің индексі айтарлықтай төмен. Мәселен, 2023 жылғы рейтингте Қазақстан 79-орында тұр. Ресей мен Өзбекстан 88-ші орында, Армения мен Тәжікстан 97-ші орында, Қырғызстан 123-ші орында. Индексте бірінші және екінші орындарды Сингапур мен Финляндия алады,- дейді Эльмира Баймұханбетова.
Тоғыз жолдың торабында тұрған елімізді Еуразияның басты көлік-логистикалық, транзиттік хабына айналдырудың нәтижелері қандай болмақ?
Ең алдымен ол еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ал транзиттік әлеуетті әлемдік нарықтарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін, өңірлік интеграцияға, экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және тиімділікті арттыруға ықпал ететін елдің экономикалық өсу нүктесі ретінде қарастыру қажет. ҚР аумағында өндірісті оқшаулау мақсатында шетелдік инвесторлар үшін логистиканың тартымдылығы артады. Біздің еліміз Еуразия құрлығының орталығында және кең көліктік-коммуникациялық желіге ие бола отырып, Еуропа-Азия трансконтинентальдық көпірінің маңызды буыны болуға жеткілікті әлеуетке ие, - дейді Эльмира Баймұханбетова.
Оның атуынша, бүгінгі таңда салада инфрақұрылымды дамытуға, технологияларды дамытуға, кедендік рәсімдердің күрделілігіне, ақпараттық қолдауға, бірыңғай ақпараттық кеңістік құруға, қауіпсіздікке, транзиттік жүк ағындары үшін дәліздерді одан әрі жетілдіруге, білікті кадрлардың жетіспеушілігіне қатысты бірқатар проблемалар бар.
Бұл мәселелерді шешу айтарлықтай реформаларды қажет етеді. Саланы дамытудың басым бағыттары – көлік инфрақұрылымын жетілдіру, кедендік рәсімдерді оңайлату, халықаралық келісімдерді ратификациялау, тиімді нормативтік-құқықтық база мен саясатты әзірлеу және енгізу, тұрақты базалық көлік-логистикалық жүйені құру, логистикалық нарыққа жеке секторды және инвестицияларды тарту, көлік логистикасын цифрландыру, білікті жұмыс күшін даярлауды дамыту, - дейді ол.
Білікті кадрларды даярлау мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де он жылдан аса уақыт бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріне «Логистика» мамандығы бойынша кадрлар даярланып келе жатыр. Кафедрада көлік, қойма секторын және жалпы логистикалық саланы дамытуды қолдау үшін тұрақты негізде үлкен жұмыс жүргізуде. Жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламалары қайта қаралып жатыр. Халықаралық көлік және логистика саласында білім беруге бағытталған бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оқу бағдарламалары мен талаптарын жаңарту үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен және салалық сарапшылармен ынтымақтастық жүргізілуде. Отандық оқытушылар шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарында біліктілігін арттырады, бағдарламаларын университет профессорлары, ірі халықаралық компаниялардың қызметкерлері, ғалымдар әзірлеген Coursera платформасының онлайн-курстарында оқиды. Кафедра жанында «Smart Marketing and Logistics» орталығы жұмыс істейді, оның қызметі оқытушылардың біліктілігін арттыруға, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге, жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарымен халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған, - дейді Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Айтуынша, дамудың белгілі бір бағыттары Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамыту жобаларында көрініс табуда. Сайып келгенде, елді Еуразияның толыққанды көліктік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру логистиканы анағұрлым тиімді және өзін-өзі ақтайтын салаға айналдырады және экономиканың өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Абдуллаевтың айтуынша, әр мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындайтын және ұзақ мерзімді қамтитын тарихи тұрғыдан алғанда аса маңызды өз құжаты болады. Ол әдетте біз даму үдерісі барысында қайда тұрмыз, қайда барамыз деген сияқты көкейкесті сұрақтарға жауап береді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бүгінгі таңда көлік және логистика экономиканың технологиялық дамыған салаларының бірі болып табылады» деген сөзі еліміздегі ең маңызды оқиғаға айналды. Президент тәуелсіз Қазақстан алдында тұрған жаңа белестерді белгілеп берді. Бұл стратегия - соңғы жылдардағы соның ішінде қалыптасқан жаңа мемлекеттің жаңа саяси бағыты.
Президент ағымдағы жылдың 3 қаңтарында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында өткен жылды саралап, болашаққа болжам жасаған болатын. Онда «Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады,- деп атап өтті.
Оның ойынша, көлік және логистика еліміздегі экономиканың технологиялық дамыған салаларының бірі болып табылады. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қазірдің өзінде жүктерді, тауарларды және адамдарды тасымалдаудың ажырамас бөлігіне айналды.
Көлік-логистика саласындағы артықшылықтарымызды толық пайдалану үшін көршілерімізбен жіксіз көлік жүйесін қалыптастыру қажет, біздің бүкіл көлік жүйеміз әлемдік көшбасшылар деңгейіне сәйкес болуы керек. Бұл саладағы жүйелі өзгерістерді қажет етеді. Ғылыми тәсілді қолдану көлік жүйесін дамытудың инновациялық нұсқасын қамтамасыз етеді, оның ішінде кадрлар даярлау және саланың проблемаларын анықтау және оларды шешу жолдарын іздеу үшін ғалымдарды тарту керек. Бұл орайда, Қ. И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қазіргі заманға сай өндірістік технологиялардың әдістерін әзірлеуде, ғылыми негізделген техникалық жобаларды орындауда да елеулі рөл атқаруда, түлектері еңбек нарығында көлік саласында, сондай-ақ басқа да көптеген мамандықтар саласында сұранысқа ие, - дейді Техника ғылымдарының докторы, профессор.
Оның айтуынша, жаңа инновациялық технологияларды енгізу, техникалық және зертханалық базаны кеңейту және дамыту, жоғары білікті оқытушыларды ынтымақтастыққа тарту және оқытудың түбегейлі жаңа әдістемелерін енгізу арқылы білім сапасын үнемі жетілдіріп отыру, білім және ғылым саласындағы дәстүрлі байланыстарға жаңа сапалық деңгей беруге ұмтыла отырып, техникалық және инженерлік-технологиялық мамандықтар бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау саласындағы мүмкіндіктерді тиімдірек пайдалануды қалау мақсаты жолға қойылды.
Көліктік инженерия мен логистиканы бағытын дамыту үшін университетте М. Тынышпаев атындағы көліктік инженерия және логистика мектебі ашылды. Мұнда біз жоғары білікті мамандарды дайындап қана қоймай, саланың көлік және логистикалық бағытты тиімді дамыту үшін мемлекеттік және жеке компаниялардың, оның ішінде ғалымдар мен жоғары оқу орындарының күш-жігері мен ресурстарын біріктіруге тырысамыз, - дейді Сейдулла Абдуллаев.
Сейдулла Абдуллаевтың айтуынша, осы мақсатта Қытай мен Еуропаның үздік техникалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуда. Жақында Сиань темір жол кәсіптік-техникалық институтымен (Шэньси провинциясы, Қытай) көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Студенттермен, алмасу, ғылым мен техника саласындағы жалпы жобалар және Қазақстан мен Қытайдың логистика саласындағы ынтымақтастығы шеңберінде қажетті инженер-логист және теміржолшыларды даярлау бағдарламасын іске қосу туралы уағдаласқан.
Жаңа келісім шеңберінде Қазақстандық студенттер "2+2" бағдарламасы бойынша оқу үшін Қытайға баруға мүмкіндік алды, яғни студенттер Қытайда бірінші және екінші курстарда оқудан өтеді, содан кейін Қазақстанда үшінші курстан бастап оқуын жалғастырады,- дейді Техника ғылымдарының докторы, профессор.
Оның ойынша, бізде толыққанды көлік-логистикалық держава болу үшін бәрі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында көліктік-логистикалық әлеуетті одан әрі арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді айқындады:
- Транскаспий бағытын дамыту;
- Бақты өткелінде жаңа құрғақ порт салу;
- Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысын аяқтау;
- Қазақстандық терминалдардың сыртқы желісін кеңейту;
- Теңіз инфрақұрылымын дамыту;
- Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің қазақстандық теміржол учаскелерінің өткізу қабілетін арттыру;
- Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайларының базасында мультимодальды орталықтар құру;
- Автомобиль жолдарын қайта құру;
- Барабар тарифтік және реттеушілік саясатты қалыптастыру;
- Қазақстан Темір Жолы-толыққанды көліктік-логистикалық компанияға айналдыру.
Сондай-ақ ол, "Солтүстік–Оңтүстік" халықаралық дәлізі бойынша тасымалдау көлемін арттыру бүгінгі күні теміржол желілерінің өткізу қабілеттілігімен шектелгеннін және. "Болашақ-Челябинск" желісі айтарлықтай жаңғыртуды қажет ететінін айтып өтті.
Парсы шығанағы порттары бағытындағы жүк ағынын арттыру үшін теңіз порттары мен теміржол көлігінің инфрақұрылымын дамыту қажет. Бізде теңіз көлігіндегі қызметтер нарығы нашар дамыған. Сондықтан Қазақстанда кемелер мен жүктерге кешенді қызмет көрсетуге қабілетті тарату орталықтарының рөлін атқаратын хаб-порттарды қалыптастыру қажет. Кеме қатынасы мен теңіз операциялары қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажет,- дейді Техника ғылымдарының докторы, профессор.
Оның айтуынша, теңіз инфрақұрылымын дамыту жоспарына Иран, Әзірбайжан, Грузия және Түркия порттарында жұмыс істейтін сыртқы терминалдық желіні кеңейту жөніндегі жобалар енгізілетін болады. Бұл мультимодальды тасымалдауды оңтайландыруға, яғни тауарларды өткізу бойынша" жіксіз " технологияларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан отандық ғалымдар елдеріміздің көлік-логистика салалары мамандарының тығыз өзара іс-қимылына берік негіз қалау үшін халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда.
Арайлым Абайқызы