Қазақ-қырғыз трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық қолданыстағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының кезекті 27-ші отырысы онлайн режимде өтті.
Комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Н. Громов, ал қырғыз бөлігін – Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Су ресурстары мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары А.Ш. Джайлообаев басқарды.
Комиссия жұмысына Экология, геология және табиғи ресурстар, Сыртқы істер министрліктерінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, су шаруашылығы мекемелері мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісті және 2020 жылғы вегетациялық кезеңге мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін бекітті.
Тараптар сондай-ақ вегетациялық кезең аяқталғаннан кейін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және трансшекаралық өзендердің басқа да су шаруашылығы мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, отырыста Комиссия хатшылығы Халықаралық ұйымдардың қолдауымен "Шу және Талас өзендері бассейндері үшін іс-қимылдың Стратегиялық бағдарламасы" жобасын әзірлеу барысы туралы баяндады.
Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуымен болған қайғылы оқиғаларды назарға ала отырып, Комиссия Орто-Тоқой және Киров су қоймаларын олардың жұмысының қауіпсіздігі тұрғысынан бірлесіп қадағалау туралы шешім қабылдады.
Тараптар 2020 жылдың қазан айында Тараз қаласында комиссияның келесі отырысын өткізуге келісті.
Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.