Трансплантация: екінші өмірге мүмкіндік
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында донорлық ағзаға мұқтаж 230 ақмолалықтың 69-ы өмірден өтті.
Өңірдің медицина мамандары трансплантацияға мұқтаж пациенттер, бүйрек аурулары, донор табу мәселесі туралы айтып берді.
Диализ орталығы пациенттерінің өмірін жеңіл деп айтуға болмайды. Олардың әрқайсысы аптасына 12 сағат, яғни үш күн төрт сағаттан гемодиализ аппаратында жатады. Әйтпесе, ағза әлсірей береді.
Гемодиализ процедурасы қанды азотты шлактардан тазарту болып табылады. Яғни, аталған пациенттерде бүйрек функциясын жасанды бүйрек аппараты орындайды. Бұл процедура созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға жасалады. Әрі ол өмір бойы үздіксіз жүргізіледі, – дейді көпбейінді облыстық аурухананың нефрология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Ілиясова.
Бүгінгі таңда аймақта 220-ға жуық пациент гемодиализ алады. Гемодиализ орталықтары облыстық ауруханада, Көкшетау қаласының теміржол ауруханасында, сондай-ақ Щучинск, Степногорск, Ақкөл және Атбасар қалаларында жұмыс істейді.
Бұл адамдардың барлығы донорлық бүйрек алуға әлеуетті реципиенттер. Олардың арасында бүйрек ауыстыруға қарсы көрсетілімдері де бар. Бірақ басым бөлігі күту парағында тұр, - деп түсіндірді Сәуле Ілиясова.
Жеті жыл донор күткен Галина Морозова есімді пациент осы уақыт ішінде небір қиындық басынан өткенін айтады.
Барлығы қан қысымымның жоғарылауынан басталды. Бүйрек поликистозы деген диагноз қойылды. Диализге бара бастадым. Бұл аптасына үш күн, 3-4 сағат. Өте қиын. Одан кейін өз-өзіңе келу үшін бір күн қажет. Ағза үшін үлкен стресс болды: қан қысымым көтерілді, процедура психикаға әсер етті. Өмірім түбегейлі өзгерді: гемодиализге байланғанымды, тіпті ешқайда кете алмайтынымды түсіндім, – деп бөлісті пациент.
Жеті жыл ішінде жақсылық атаулыға сенуді тоқтатып, үміті үзілген кездер де болған. Бір күні таңғы үште сүйінші хабар жеткен.
Әрине, қатты қобалжыдым. Тез арада жиналып, бес сағаттың ішінде Нұр-Сұлтанға жетіп, шұғыл түрде анализ тапсыру керек болды, - деп еске алады Галина Морозова.
Бір бүйрекке үш үміткер болды. Алайда медициналық көрсеткіштер мен талдаулар бойынша ақмолалық пациентке ота жасалды.
Донор жайлы еш мәлімет айтылмады. Тек оның әйел екені және инсульттан қайтыс болғанын білдім. Туыстары оның барлық мүшелерін трансплантациялауға келісім берген. Егер адамдар өз органдарымен бөліссе, онда адам қайтыс болғаннан кейін де басқаның ағзасында өмір сүруін жалғастырады. Ағзаңызды құрбан етуден қорықпаңыз, өйткені өлімнен кейін де сіз басқа адамның өмірін сақтай аласыз, – дейді пациент.
Бүгінде Галина өзін жақсы сезінетінін және гемодиализге бармайтынын қуана айтады. Тек өмір бойы иммуносупрессорлар қабылдауы тиіс. Өйткені трансплантацияланған орган пациент үшін бөтен мүше, ағза оны қабылдамауы мүмкін.
Бірде облыстық ауруханаға басқа өңірден орта жастағы ер адам келіп түскен. Спорттық жарысқа қатысқан ол инсульт алып, реанимация бөліміне өте ауыр жағдайда түсті. Мидың өлімі расталғанда, 80 жастағы анасы «Оның жүрегі өмір сүріп, адамдарға көмектессін!» деп барлық қажетті құжаттарға қол қойып, трансплантацияға келісім берген. Осылайша қайтыс болған ер адам төрт науқастың өмірін сақтап қалды.
Бүгінгі таңда республика бойынша 3,5 мыңнан 5 мыңға дейін адам донорлыққа мұқтаж. Ақмола облысында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 230 адам күту парағында тұрды. Өкінішке орай 69 адам қайтыс болды, бұл іс жүзінде 30%. Олардың тек 11-і ғана ағза ауыстырды, – деп атап өтті көпсалалы облыстық аурухана директорының орынбасары Дмитрий Чайков.
Қазір өңірде бүйрегі ауыстырылған 33 пациент есепте тұр, 80% жағдайда туыстары донор болды.
Бірақ негізгі проблема – мәйіт донорлығының болмауы. Өңірде осындай донорлықтың жеті жағдайы ғана тіркелді.
Көп жағдайда туыстарының өздері бас тартады. ДСМ 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №360 бұйрығына сәйкес адам көзі тірісінде ерікті түрде өз ағзаларының қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына жазбаша келісім бере алады. Бірақ адамдар бұл туралы аз біледі, сондықтан тілек білдірушілер аз, – деп түсіндірді Дмитрий Чайков.
Ақмола облысы бойынша трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Ләззат Әшімованың айтуынша, «ми өлімі» диагнозы қойылған мәйіт донор бола алады. Әдетте, бұл – инсульт, инфаркт немесе апат салдарынан жарақат алғандар. Комиссияға невропатолог, нейрохирург және анестезиолог кіреді. Егер адам донорлыққа жарамды болса, бұл туралы туыстарына хабарлайды. Ауру тарихынан үзінді көшірмені республикалық трансплантология орталығына жібереді. Онда адамның донор болуға келісімінің бар-жоғы тексеріледі.
Медицинада өлімнен кейін «келісім презумпциясы» деген ұғым бар. Егер адам тірі кезінде донор болатынын айтпаса, органдарды туыстарының рұқсатымен алуға болады. Бірақ бұл өте күрделі мәселе. Әдетте, дәрігерлер жақындарының келісімінсіз бұл қадамға бармайды, – деп қосты Сәуле Ілиясова.