Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау уақыты екі есе қысқарады

Мәжіліс жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын Көлік министрі Марат Қарабаев таныстырды.

Келісімге 2023 жылғы 17 қазанда Бейжің қаласында (ҚХР) қол қойылған.

Келісім екі елдің аумақтары бойынша контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайту жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуды, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жүктерді тасымалдаудың әлеуеттің жыл сайынғы көлемін болжауды, екі мемлекеттің жылжымалы құрамды қадағалау жөніндегі деректермен алмасуды көздейді, - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, 2023 жылы Дәліз арқылы тасымалдар көлемі 20,5 мың контейнер болды. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша 10,4 мың контейнерге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға өсті.

Келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Дәліз арқылы жүктерді тасымалдау жөнінде Бірлескен жұмыс тобы құрылады, ол жүк тасымалдаудың кепілді көлемдерін бекітеді. Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау республикалық бюджетке әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және (немесе) өзге де салдарларға, сондай-ақ қаржылық шығындарға кері әсерін бермейді, - деді Қарабаев.

Қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктердің мерзімі 19-23 күнді құрайды. Оның 6 күні Қазақстан аумағы арқылы өтеді, жүк ағыны 6 млн тонна. Келісім аясында 2027 жылға қарай жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың жалпы жылдамдығы 12-13 күнді құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы