Трансформер парта, мұғалімдер бөлмесі, демалыс аймағы: Заманауи мектептер қандай болады?

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын заманауи мектептер қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте AMANAT партиясы фракциясы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне қатысты кеңейтілген жиналыс өткізіп жатыр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасында мектептерді іске қосудың 3 нақты тетігі көрсетілген. Бірінші, «Samruk-Kazyna Construction» арқылы, екінші, мектептер ғимаратын жайлы мектептің талаптарына сәйкес жағдайда тауар ретінде сатып алу. Үшінші, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мектептер салу, - деп айтты Еділ Оспан.

Сөзінше, жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерде болған проблемалар ескерілген.

Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі – ауылда да, қалада да бірдей жоғары стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектептің жеке блоктарында оқиды. Ұлттық жоба аясында салынатын мектептер оқу процесін ұйымдастыруға, оқушылар мен педагогтерге жайлы жағдайлар қалыптастыру үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді Оқу-ағарту вице-министрі Мәжілісте өткен кеңейтілген жиында.

Мектептер жиһаздармен толық қамтамасыз етіледі. Сөзінше, әр оқушы үшін жеке шкафтар, трансформер парталар орнату жоспарланып отыр.

Мектеп іші эстетикалық тартымды болуы үшін ұлттық нақышта безендіріледі. Әрбір мектеп заманауи пән кабинеттерімен, интерактивті құрылғылармен жабдықталады.

Сонымен қатар білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін әмбебап шеберханалар болады.

Мұғалімдер бөлмесі, демалыс аймақтары қарастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: azattyq-ruhy.kz
Өзгелердің жаңалығы