Трансформатор зауытының тынысы. Фоторепортаж
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Технология қарыштап дамыған ғасырда өмірімізді бір сәтке болсын электр қуатынсыз елестету мүмкін емес.
Адамзат электр қуатын ойлап тапқанына жүздеген жыл өтіпті. Содан бері электр тогы қала мен тұтастай мемлекеттің тіршілігін қозғалысқа енгізіп, ғаламшарымыздың бойына қан жүгіртіп келеді.
Ал электр қуатының пайдасымен қатар, қауіптілігі де барын ескерсек, онымен жұмыс істеуді тек кәсіпқойларға сеніп тапсыру қажет.
Осы орайда «Даму» қоры ұйымдастырған баспасөз туры аясында еліміздегі трансформатор шығаратын «Спецэлектра» зауытының тіршілігімен танысқан болатынбыз.
«Спецэлектра» зауыты – трансформаторлық шағын станцияның бетон корпустарын жасайтын жалғыз кәсіпорын. Оның ерекшелігі – антивандалды, яғни кез келген уақытта басқа жерге орнату керек болса, алып, қайта салуға жарамды. Ол электрмен жабдықтау жүйелерін жасау және қайта құрастыру саласындағы жетекші өндірушілердің бірі.
Компанияның іргетасы 2005 жылы қаланған. Зауыт басшыларының айтуынша, олар 2015 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысы бойынша трансформатор шығаратын бірден-бір өнеркәсіп болған екен.
Ал бүгінде аталған зауыт кез келген тапсырыс берушінің талаптарына сай жұмыс істеуге қауқарлы.
Айына көп дегенде 15-ке дейін трансформатор жасап шығара алады. Жобалық-іздестіру, монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстарын орындайды. Ал орта есеппен бір трансформатордың жасалуына 1-1,5 ай уақыт керек.
Зауыттың жұмысына карантин кері әсерін тигізбей қоймаған. Пандемияға дейін 80-нен астам адамды жұмыспен қамтыған өндірістен бүгінде 50-ден астам адам нанын тауып жүр.
«Даму» қорының өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму Өндіріс» бағдарламасының шеңберінде бекітілген жеңілдікпен 6% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен несие алдық. Алған қаражаттарға жабдықтар сатып алдық, - деді зауыттың жоба басшысы Жақсыгелді Шәріп.
Мемлекеттен қолдау көріп, кәсібін дөңгелеткен мекеменің өнімдеріне бүгінде тұрғынүйлер, зауыттар, өндіріс орындары тапсырыс береді.
Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы Патрон шығаратын зауыт, Теміртаудағы «АрселорМиттал» зауыты, «Қазақмыс» корпорациясы бар көрінеді.
Сондай-ақ еліміздегі ірі құрылыс компанияларымен әріптес болып отыр. Елордада өткен «Экспо» халықаралық көрмесінде, көпфункционалды мұз сарайының ғимаратына жабдықтар орнатқан.
Трансформатор, орта және төмен кернеулі жабдықтар өндіретін зауыт ел аумағындағы отандық сертификатталған өндіруші ретінде өзін дәлелдеп үлгерді.
«Спецэлектра» зауытымен тығыз жұмыс істеп келеміз. Аталған мекеме бірнеше мәрте бізге жүгініп, 70 млн теңгеден астам несие алды. 2017 жылы айналымдық қаражатты толтыру жолымен инвестициялық несиеге бағытталған қаржыландыру шеңберінде де қолдау көрсеттік, - деп отыр «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік филиалының бас менеджері Болат Катаров.
Барлық жабдықтар уәкілетті желілік электр компанияларымен келіскен соң ғана орнатылады. Қондырғылар неміс технологиясымен жасалады дейді зауыт жұмысшылары. Ал трансформатордың қондырғыларын жасауға кететін металл сынды материалдарға өзіміздің отандық өнімдер қолданылады.
Зауыт жұмысын бастағалы бері 200-ден астам келісімшарт жасалды. 10 түрден астам шкаф жасаймыз, трансформатордың екі түрі бар десек, біз соның «құрғақ» түрін өзіміз жинақтаймыз. Бүгін бізде маман тапшылығы бар. Колледж студенттерін тәжірибеден өтуге шақырып, артынша жұмысқа тартамыз, - деп отыр компания басшылығы.