Бүгiн 2026, 18:14 Фото: Tom Williams/CQ Roll Call/Sipa USA/picture alliance

Трамптың ұлдары АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясынан пайда көрмек

The New York Times Қазақстандағы вольфрам жобасына қатысты күтпеген мәлімет жариялады. Трамп отбасының бұл іске қандай қатысы бары мақалада баяндалған.

The New York Times басылымы АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына салынған инвестициялар арқылы қаржылық пайда көруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Басылымның зерттеуіне сәйкес, 2025 жылдың қараша айында АҚШ пен Қазақстан еліміздегі ең ірі екі вольфрам кен орнын игеру туралы келісім жасаған. Жобаға қатысушы компанияның 70%-ы америкалық инвестициялық компанияға, ал 30%-ы қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясына тиесілі.

NYT мәліметінше, келісім жарияланардан бірнеше ай бұрын Дональд Трамптың ұлдары – Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамп тең иелік ететін Dominari Securities компаниясы шығынға батқан Skyline Builders құрылыс компаниясын сатып алған. Кейін бұл компания жоба операторы болған Cove Kaz Capital компаниясының 20 пайыздық үлесін иеленген.

Кейінірек компания атауы Kaz Resources болып өзгертіліп, 2026 жылдың сәуірінде қор нарығына шыққан. Сол уақытқа қарай АҚШ әкімшілігі Қазақстандағы вольфрам жобасын іске асыруға федералдық бюджеттен 1,6 млрд доллар бөлуді мақұлдағаны белгілі болған.

Басылымның жазуынша, компания акцияларының биржаға шығарылуы инвесторларға, оның ішінде Трамптың ұлдарына, кен өндіру жұмыстары басталмай тұрып-ақ жоба есебінен табыс табуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар зерттеуде АҚШ-тың Сауда министрі Говард Лютниктің балалары да бұл мәміледен қаржылық пайда көргені айтылған. Себебі олар тең иелік ететін Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы Қазақстандағы жобаға инвестиция тартумен айналысқан.

Демократтар Конгресті тексеріс жүргізуге шақырды

The New York Times мұндай схема жалғыз жағдай емес екенін жазады. Басылымның мәліметінше, Трамп пен Лютник отбасылары АҚШ-тың сирек кездесетін металдарды өндіруге қатысты федералдық жобаларына қатысатын кемінде 14 компаниямен байланысы бар.

Осыған байланысты АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі, демократ Максин Декстер Конгресті аталған мәмілелерді тексеруге шақырды.

Конгресс салық төлеушілердің қаражаты қоғам игілігіне жұмсалып жатқанын, ал мемлекеттік шешімдер шенеуніктердің немесе олардың отбасы мүшелерінің жеке баюына қызмет етпейтінін анықтауы тиіс, – деді ол NYT-ке берген пікірінде.

Ал Ақ үй мен АҚШ Сауда министрлігі Трамп әкімшілігі мемлекеттік шешімдерді отбасының бизнес мүддесімен байланыстырды деген айыптауларды жоққа шығарды.