Трамп пен Си Цзиньпин келіссөзі: Вашингтон мен Бейжің арасында неге серпіліс болмады?
Трамп пен Сидің басымдықтары екі түрлі болды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға жасаған сапарын аяқтап, жұма күні елден кетті. Алайда екі күнге созылған жоғары деңгейдегі кездесулерге қарамастан, Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда қатынастары бойынша айтарлықтай серпіліс болған жоқ. Сондай-ақ, Reuters мәліметінше, Трамп Қытайдан Иранмен байланысты қақтығысты тоқтатуға қатысты нақты қолдау ала алмады.
Трамптың басты мақсаты қандай болды?
Бұл Трамптың 2017 жылдан кейінгі Қытайға алғашқы сапары. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ президенті бұл кездесуден өзінің ішкі саяси рейтингіне әсер ететін нақты нәтижелер күтті.
Сапар аясында Қытай тарапы салтанатты рәсімдер ұйымдастырған. Бағдарламада әскери шерулер мен арнайы экскурсиялар болған. Алайда жабық форматтағы кездесулерде Си Цзиньпин Тайвань мәселесіне ерекше тоқталған.
Тайвань мәселесі тағы көтерілді
Си Цзиньпин Тайваньға қатысты кез келген «дұрыс емес әрекет» үлкен қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін ескерткен.
Ал Трамп бұл мәселе жөнінде ашық пікір білдіруден бас тартқан. Жалпы сапар барысында ол әдеттегіден сабырлы позиция ұстанып, көбіне Си Цзиньпиннің беделі мен қонақжайлығын мақтаумен шектелген.
Бұл – керемет сапар болды. Меніңше, ол көптеген пайдалы нәтиже берді, – деген Трамп Қытай басшысымен қорытынды кездесу кезінде.
Кездесу Бейжіңдегі Қытай басшылары жұмыс істейтін Чжуннаньхай кешенінде өткен.
Трамп пен Сидің басымдықтары екі түрлі болды
Трамп қысқа мерзімде экономикалық нәтиже беретін келісімдерге, соның ішінде Boeing ұшақтарын сатуға қатысты мәмілелерге көбірек назар аударған.
Ал Си Цзиньпин АҚШ-пен ұзақмерзімді тұрақты қатынас орнату қажеттігін алға тартқан.
Қытай жаңа дипломатиялық формула ұсынды
Сарапшылардың айтуынша, бұл жолы Қытай АҚШ-пен қарым-қатынастың жаңа моделін өзі ұсынуға тырысқан.
Бейжіңдегі Цинхуа университетінің халықаралық қауіпсіздік және стратегия орталығының директоры Да Вэйдің сөзінше, Қытай бұған дейін АҚШ-пен қатынасқа балама тұжырым ұсынбаған.
Осы уақытқа дейін Қытай нақты альтернатива ұсынған жоқ еді. Енді ұсынды. Егер АҚШ бұл тәсілді қабылдаса, бұл үлкен прогресс болады, – деді ол.
Оқи отырыңыз:
Трамп пен Си Цзиньпинь кездесуі: Келіссөздердің негізгі тақырыптары қандай?