Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы 5 пайызға арзандады
Трамп Иранмен қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүріп жатқандықтан, жаңа әскери шабуылдарға бұйрық беруі екіталай екенін айтқан.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы жаңа әскери соққылар жасау ықтималдығы төмен екенін мәлімдеуінен кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы шамамен 5 пайызға төмендеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 9 қарашада Brent маркалы мұнай фьючерстері 4,65 пайызға арзандап, барреліне 93,75 долларды құрады. Ал америкалық WTI мұнайының бағасы 3,51 пайызға төмендеп, барреліне 87,64 долларға дейін түсті.
Трамп Иранмен қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүріп жатқандықтан, жаңа әскери шабуылдарға бұйрық беруі екіталай екенін айтқан. Бұл мәлімдеме нарықтағы шиеленістің бәсеңдеуіне қатысты үмітті күшейтіп, мұнай бағасының төмендеуіне әсер етті.
Айта кетейік, өткен аптада Brent маркалы мұнай 16 пайызға арзандаған. Бұл 2020 жылғы сәуірден бергі ең ірі апталық төмендеу көрсеткіші болды.
Соған қарамастан, Ормуз бұғазы маңындағы кемелерге жасалған шабуылдар мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық әлемдік мұнай нарығындағы тәуекелдерді сақтап отыр.