Бүгiн 2026, 10:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Трамптың Иранға ескертуі, Пәкістанның Ораза Айттағы шегінісі және Каспий жағалауындағы соққы

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп Иранға сес көрсетті

Pixabay.com

АҚШ Президенті Дональд Трамп Израильдің Ирандағы Оңтүстік Парс кен орнына жасаған әуе соққыларына қатысты пікір білдірді.

Дональд Трамп Иранға қатаң ескерту жасап, сес көрсетті. Ол егер Иран Қатарға шабуыл жасаса, Оңтүстік Парсты жойып жіберемін деп қорқытты. 

Құрама Штаттар бұл нақты шабуыл туралы ештеңе білген жоқ, ал Қатардың бұған ешқандай қатысы болмады және оның орын алатынынан тіпті хабарсыз еді, - деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Сонымен қатар, АҚШ президенті бұдан былай Израильдің Оңтүстік Парсқа шабуыл жасамайтынына уәде берді.

Егер Иран осы жағдайда мүлдем кінәсіз Қатарға ақылға сыйымсыз шабуыл жасау туралы шешім қабылдамаса, Израиль бұдан былай бұл аса маңызды әрі құнды Оңтүстік Парс кен орнына соққы бермейді. Ал егер Иран солай істейтін болса, онда Америка Құрама Штаттары - Израильдің көмегімен және келісімімен немесе онсыз-ақ - бүкіл Оңтүстік Парс кен орнын Иран бұрын-соңды көрмеген әрі сезінбеген жойқын күшпен жаппай талқандайды, - деп жазды Трамп.

Пәкістан Ауғанстандағы әскери операциясын уақытша кідіртті

Anadoly

Пәкістан билігі бірқатар мұсылман елдерінің өтінішіне орай Ауғанстан аумағына жасалатын әскери соққыларды уақытша тоқтататынын жариялады.

Сәрсенбі күні қабылданған бұл шешім Ораза айт мерекесімен және Сауд Арабиясы, Катар, Түркия мемлекеттерінің араласуымен байланысты. 

Ақпарат министрі Аттаулла Тарардың мәлімдеуінше, «Ғазаб лиль-Хақ» операциясы аясындағы белсенді іс-қимылдар 19 наурыздан 24 наурызға қараған түнге дейін тоқтатылады.

Министр бұл қадамның исламдық қағидаттар мен ізгі ниетке негізделгенін айтты. Дегенмен, шекарада қандай да бір террорлық қауіп немесе дрон шабуылы тіркелсе, әскери операциялар бірден қайта жанданып, тіпті күшейтілуі мүмкін екенін ескертті.

Айта кетерлігі, бұл мәлімдеме Кабулдағы наркологиялық орталыққа жасалған шабуылдан кейін екі күн өткенде жасалды.

Ауған тарапы бұл соққыдан жүздеген бейбіт тұрғын опат болғанын айтып, Пәкістанды айыптауда.

Өз кезегінде Исламабад бұл айыптауларды жоққа шығарып, нысана тек террорлық инфрақұрылым болғанын алға тартады.

Иран портына жасалған соққы

IRNA

Израиль Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Иранның стратегиялық маңызы бар ірі портын нысанаға алды.

Бендер-Энзели қаласының әкімі Мохаммад Салех Зиаидың порт аумағындағы бірнеше нысанға зымыран соққысы жасалғаны туралы мәлімдемесін жариялады.

Шабуыл салдарынан кеден ғимараттары, порт әкімшілігі мен кеме қатынасы ұйымына тиесілі нысандар зақымдалған.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, адам шығыны тіркелмеген, ал келтірілген материалдық зиян көлемі қазіргі уақытта есептеліп жатыр.

Ресми өкілдер жағдайдың толық бақылауға алынғанын хабарлады.

Айта кету керек, Бендер-Энзели – Иранның Каспий алабындағы ең ірі теңіз қақпасы. Аймақтағы мемлекеттермен жүк тасымалын қамтамасыз ететін бұл нысан теңіз саудасындағы негізгі көлік-логистикалық хаб болып саналады.