Трамптың баж салығы Қазақстанға қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?
АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25% бірыңғай баж салығын енгізу туралы шешімі Қазақстан экспортына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл туралы QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыр BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда байланысы қандай деңгейде?
– АҚШ – Қазақстанның тұрақты түрде алғашқы жеті сауда серіктесінің қатарында. 2024 жылы бұл серіктестік 4,2 млрд АҚШ долларына жетіп, 4%-ға өсті. Қазақстанның АҚШ-қа экспорты – 2,0 млрд доллар (30,6%-ға өскен):
- Мұнай – 1,1 млрд (56,2%)
- Уран – 322,9 млн (16,4%)
- Күміс – 239,9 млн (12,2%)
- Ферроқорытпа – 188,2 млн (9,5%)
- Басқа: тантал, титан, сутегі, инертті газдар, оптикалық элементтер, бидай клейковинасы
Ал АҚШ-тың Қазақстанға импорт – 2,2 млрд доллар (11,8%-ға азайған):
- Жеңіл көліктер – 322,7 млн
- Газ турбиналары мен авиация қозғалтқыштары – 189,8 млн
- Ұшатын аппараттар – 93,4 млн
- Дәрілік заттар – 153 млн
- Үй құсы еті – 64,5 млн
- Жылжымалы құрам бөлшектері – 59,6 млн
Бұл деректер АҚШ-тың біз үшін стратегиялық маңызы бар серіктес екенін және екіжақты сауданың жоғары технология мен шикізатқа негізделетінін көрсетеді, — дейді Нұрлан Құлбатыр.
Қазақстан Трамптың тарифіне қалай жауап бермек?
– Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Сауда саясатымыздың негізі — қарсы шаралар емес, конструктивті келіссөздер арқылы шешім табу.
Сәуір айында біз АҚШ тарапына екіжақты консультациялар өткізуге дайын екенімізді ресми түрде мәлімдедік. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар пакетін жолдады. Басты мақсат — нарыққа қолжетімділік пен тұрақты сауда шарттарын қамтамасыз ету. АҚШ тарапы ұсыныстарды қарап жатыр, келіссөздердің мерзімі мен тәртібі алдағы уақытта нақтыланады.
25% тарифтің негізгі экспорттық бағыттарға әсері қандай?
– Бұл шешім Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына елеулі әсер етпейді. Өйткені бізден АҚШ-қа жөнелтілетін өнімдердің басым бөлігі — мұнай, уран, ферроқорытпа, тантал, титан сияқты шикізат пен стратегиялық тауарлар. Оларға қатысты қолданыстағы келісімдер бар, сондықтан жаңа тарифтер бұл тауарларға жүрмейді деп болжануда. Жалпы, шешім еліміздің экспорт көлемінің шамамен 95%-ына әсер етпейді.
Қазақстандық компаниялар қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?
– АҚШ енгізген қосымша тарифтер кейбір жекелеген өнімдердің бағасына әсер етуі мүмкін. Бұл — нарықтағы бәсекелестікке тікелей ықпал етеді. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерімізге өнімдерін өзге нарықтарға бағыттау, балама мүмкіндіктер іздеу ұсынылады. Сауда және интеграция министрлігі отандық экспорттаушыларды қолдауға дайын. QazTrade, KazakhExport сияқты құрылымдар қаржылық және әдістемелік қолдау ұсынады. Бұған экспортты сақтандыру, сертификаттау, стандарттау процестерін сүйемелдеу де кіреді.
Қазақстан мен АҚШ арасында келіссөздер қайта бастала ма?
– Иә. Дипломатиялық арналар арқылы және министрлік деңгейінде АҚШ-пен келіссөздер жалғасып жатыр. Басты мақсат – екіжақты сауда қатынастарын бұзбай, өзара тиімді шарттарды сақтау. Жақын уақытта нақты келіссөз күндері белгілі болады деп күтілуде.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!