Трамптың 25% салығы: Қазақстан қандай қадамдарға баруы керек?
АҚШ-тың қазақстандық тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізуі жалпы экспортқа айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақ пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан экспортының 92%-ын құрайтын негізгі шикізат тауарлары (мұнай, уран, күміс және т.б.) бұл тарифтен босатылған. Ал жаңа баж салығы тек 6–7% көлеміндегі өнімге ғана әсер етеді.
2024 жылы бұл тауарлардың жалпы құны 95 миллион долларды құраған. Олардың қатарында фосфор өнімдері, силикон, оптикалық линзалар мен аммоний нитраты бар. Сондықтан бұл шараның экспорт көлеміне және бюджетке келтірер залалы айтарлықтай емес, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Мұнай экспортындағы АҚШ-тың үлесі – небәрі 2%, ал Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі Қытай мен Еуропаға жөнелтіледі. Дегенмен сарапшы жекелеген салаларда бәсекеге қабілеттілікке қауіп төнуі мүмкін екенін атап өтті.
Глютен, ферросиликон, аммоний нитраты сияқты өнімдер мен оларды өндіретін компаниялар үшін бұл баж нақты қысым тудырады. Ауыл шаруашылығы, азық-түлік, бидай сияқты өңделген өнімдер АҚШ нарығына бағытталған, ал 25% баж олардың бәсекелестік мүмкіндіктерін төмендетеді, – дейді экономист.
Сарапшы бұл жағдайдан шығудың нақты жолдарын ұсынды.
Тарифтің әсерінен АҚШ нарығынан ығысу және сұранысты басқа нарықтарға қайта бағдарлау орын алуы мүмкін. Сондықтан дипломатиялық және сауда келіссөздері өте маңызды. Сауда және интеграция министрлігі АҚШ сауда өкілдерімен диалог орнатып, баж салығы салынған өнімдер бойынша жеңілдіктер туралы келіссөздер жүргізуі тиіс, - деп санайды экономист.
Сонымен қатар Бауыржан Ысқақ Қазақстан Үкіметін жауап ретінде қарсы шаралар қолданудан бас тартуға шақырды.
Бұл тарифті дискриминациялық шара ретінде қарастырмаған жөн. АҚШ-тан келетін тауарларға жауап ретінде бажды көтерудің қажеті жоқ. Керісінше, белсенді дипломатиялық диалог арқылы АҚШ-ты өз шешімін қайта қарауға көндіру қажет, – дейді ол.
Сарапшы Қазақстанның экспортты әртараптандыру бағытын күшейтіп, АҚШ-қа тәуелді тауарлар үшін жаңа нарықтар іздеуді ұсынады. Оның пікірінше, Еуроодақ, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс елдері балама бағыт бола алады.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Жапония мен Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін және 12 өзге елге қатысты жаңа импорттық тарифтер белгіленетінін мәлімдеді. Оның ішінде Қазақстан да бар.