Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атаған сөздерінен бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді «диктатор» деп атаған сөздерінен бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мен ондай айттым ба? Бұған сене алмай отырмын. Келесі сұрақ, – деп жауап берді журналистің сұрағына АҚШ президенті.

Еске салсақ, 19 ақпанда Трамп Truth Social платформасындағы жазбасында Украина президентін «сайлаусыз диктатор» деп атады, өйткені ол өз елінде сайлау өткізуден бас тартып отыр-мыс.

Зеленскийге асығу керек, әйтпесе оның елі қалмайды, – деп қосты америкалық лидер. 

Сол күні Дональд Трамп бұл сөзін Майамидегі митингте тағы қайталады.

24 ақпанда АҚШ президентінен "Владимир Путинді диктатор деп атай аласыз ба?" деп сұрағанда, ол "Мен мұндай сөздерді ойланбай қолданбаймын" деп, Ресей басшысына ештеңе демеді.

Ақ үй басшысының мәлімдемелерін Украина да, шетелдік саясаткерлер де сынға алды. Атап айтқанда, Германия канцлері Олаф Шольц АҚШ президентінің сөздерін «қате әрі қауіпті» деп атады. 

Шындық мынада: Владимир Зеленский – Украина мемлекетінің заңды түрде сайланған басшысы. Соғыс жағдайында лайықты сайлау өткізу мүмкін емес екені Украина Конституциясы мен сайлау заңдарына сәйкес келеді. Ешкім бұған қарсы уәж айта алмайды, – деп атап өтті Германия үкіметінің басшысы.

Еурокомиссия Трамптың Зеленскийге бағытталған сөздік шабуылына қатысты «Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз айқын және нақты: президент Зеленский еркін, әділ және демократиялық сайлауда заңды түрде сайланған. Украина – демократиялы ел, ал Путин билігіндегі Ресей – олай емес», – деп мәлімдеді. 

БҰҰ да Владимир Зеленскийдің «заңды түрде өткен сайлау нәтижесінде өз қызметін атқарып отырғанын» растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Yuri Gripas/Pool via CNP/AdMedia/picture alliance
Өзгелердің жаңалығы