Трамп Венесуэланың мұнай қорын АҚШ бақылауына алғанын мәлімдеді
АҚШ президенті Вашингтонның Венесуэладағы 65 миллиард баррельден астам дәлелденген мұнай қорына бақылау алғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл келісім америкалық салық төлеушілерге шығын келтірмейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэламен «әлем тарихындағы ең ірі» мұнай келісімі жасалғанын жариялады.
Трамптың айтуынша, келісімге АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Пентагон басшысы Пит Хегсет, сондай-ақ Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес және жеке бизнес өкілдері қатысқан.
АҚШ президенті Вашингтонның Венесуэладағы 65 миллиард баррельден астам дәлелденген мұнай қорына бақылау алғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл келісім америкалық салық төлеушілерге шығын келтірмейді.
Трамп бұл мәміле АҚШ-тың мұнай қорын екі еседен астам арттырып, мұнай жеткізілімін ұлғайтатынын және америкалықтар үшін бензин бағасын ұзақ жылдарға төмендететінін айтты.
Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдеуінше, келісім Венесуэлаға шамамен 100 миллиард доллар жеке инвестиция тартуға, мыңдаған жоғары жалақы төленетін жұмыс орнын ашуға және ел экономикасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Bloomberg Пентагонның Венесуэла мұнайына тікелей қол жеткізу мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған. Келіссөздер шамамен 17 кен орнын, соның ішінде Ориноко мұнай белдеуіндегі және Маракайбо көлі маңындағы учаскелерді қамтыған. Қарастырылған нұсқалардың бірінде кен орындарын 100 жылға жалға беру мүмкіндігі болған.
Айта кетейік, Венесуэла дәлелденген мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орында тұр. OPEC деректеріне сәйкес, елдің мұнай қоры 303,2 миллиард баррельге бағаланады.