2 Тамыз 2026, 15:46 Фото: Getty Images

Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты ретінде көрсетілген картаны жариялады

АҚШ президенті жариялаған картада Венесуэла «51-штат» ретінде көрсетілген. Жазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанымен, Вашингтон мұндай бастама көтерген жоқ.

АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Американың картасы бейнеленген суретті жариялады. Онда Венесуэла АҚШ-тың 51-штаты ретінде көрсетілген.

Жарияланған картада Венесуэла аумағы АҚШ туының түстерімен белгіленіп, жанында "51st State" («51-штат») деген жазу орналастырылған. Трамп бұл жарияланымға ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Бұл – америкалық көшбасшының АҚШ аумағын кеңейту туралы әзіл-қалжың түрінде пікір білдіруі алғаш рет емес. Бұған дейін ол Канаданы АҚШ-тың 51-штаты ретінде көргісі келетінін бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ Гренландияны ықтимал 52-штат, ал Венесуэланы 53-штат ретінде атаған болатын.

Жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден аударып, қызу талқылауға себеп болды. Бірі мұны саяси әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі АҚШ президентінің кезекті арандатушылық сипаттағы жазбасы деп бағалады.

Сонымен қатар АҚШ билігі тарапынан ел шекарасын өзгертуге қатысты ешқандай ресми бастама немесе мәлімдеме жасалған жоқ.