Трамп: Вашингтон Иранмен мәміле жасауға асықпайды
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге келуге дайын екенін байқап отыр, алайда Вашингтон мәміле жасауға асықпайды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Флоридаға сапары барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп АҚШ пен Иран арасында келіссөздер оң бағытта өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Тегеран мәміле жасауға ниетті көрінеді, бірақ алдымен келісімнің нақты шарттарын бағалау қажет.
«Бізде уақыт жеткілікті. Біз асықпаймыз», – деді Трамп.
Ол АҚШ-тың аймақтағы әскери әлеуетіне де тоқталып, ірі әскери күштердің Таяу Шығысқа жақын орналасқанын атап өтті.
Президент ықтимал келісімнің басты шарты – Иранның ядролық қаруға ие болмауы екенін тағы да қайталады. Оның айтуынша, бұрын Тегеран келісімге барудан бас тартқан, алайда қазір ұстанымын өзгертуі мүмкін.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздердің жаңа кезеңі 7 ақпанда Оманда өтті. Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, ал АҚШ тарапын президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф басқарды.