Трамп ұлттық гвардиямен бірге Вашингтон көшелерін патрульдеуге шығады
АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлттық гвардия мен полиция қатарында Вашингтон көшелерін патрульдеуге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол Newsmax телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Ал ақпаратты DW Telegram-арнасы таратты.
Америкалық көшбасшының сөзінше, ол әскерилердің "керемет жұмысын" өз көзімен көргісі келеді. Сонымен қатар NBC News Трамп астанада құқық қорғау органдары қызметкерлерімен және Ұлттық гвардия сарбаздарымен кездесуді жоспарлап отырғанын жазды. Ақ үй өкілі президент оларға қылмысқа қарсы күрес шараларын жүзеге асырудағы еңбектері үшін алғыс білдіреді деп отыр. Алайда кездесу өтетін уақыт пен орын нақтыланбады.
Бұған дейін Трамп "Вашингтондағы қауіпсіздік дағдарысына" байланысты елдің әртүрлі штаттарынан шамамен 2 мың әскери мен гвардия жауынгерін жіберген еді. Оның айтуынша, бұл қадам қаланы "қылмыстан, қан төгуден, хаостан және апаттардан" қорғауға бағытталған.
Дегенмен сыншылардың пайымдауынша, АҚШ астанасы Демократиялық партияның тірегі болғандықтан, мұндай әрекеттер тұрғындарды қорқытуға арналған саяси қадам болуы мүмкін. Мэр Мюриэл Баузердің дерегінше, соңғы екі жылда қылмыс деңгейі төмендеп, 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Сондықтан жергілікті билік Ұлттық гвардияны енгізуге қарсы шыққан.
Өткен сәрсенбіде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Пентагон басшысы Пит Хегсет Вашингтонның басты вокзалында гвардияшылармен кездескенде жұртшылық тарапынан наразылыққа тап болды.
Бұған қоса, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Мексикамен шекарадағы қабырғаны қара түске бояу жоспарын жариялады. Оның айтуынша, мұндай қадам қабырғаның күн астында қатты қызуына ықпал етіп, заңсыз мигранттардың оны асып өтуін қиындатады. Министр бұл бастама президенттің тікелей өтініші бойынша жасалып отырғанын атап өтті.