Трамп Украинаның пайдалы қазбаларына қызығып отыр
Екі ел басшысы пайдалы қазбалар бойынша келісімге қол қояды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі TACC агенттігіне сілтеме жасап.
Зеленскиймен кездесетінін Трамп Вашингтонда Франция Президенті Эммануэль Макронмен келіссөздер барысында айтты.
Ол [Зеленский] осы немесе келесі аптада келіп, келісімге қол қоюы мүмкін, бұл өте жақсы болар еді, – деп атап өтті Ақ үй басшысы.
Америкалық көшбасшы қазір АҚШ пен Украина арасында келісім бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және тараптардың "шешуші келісімге өте жақын" екенін айтады.
Бұл сирек кездесетін жер металдары мен басқа да ресурстарға қатысты келісім болады, – деді Трамп.
Зеленский мұны [келісімді] келіп, қол қойғысы келеді, – деп түйіндеді АҚШ Президенті.
Ақпан айының басында Трамп Вашингтонның Украинадан сирек кездесетін жер металдарын алуға мүдделі екенін мәлімдеген болатын. 12 ақпанда АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Киевте Зеленскийге пайдалы қазбалар туралы келісім мәтінін тапсырды. Зеленский бұған дейін келісімге қол қоюға дайын екенін айтқанымен, ол оған Бессентпен кездесу кезінде де, кейінірек Мюнхенде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен кездескенде де қол қоймаған.
Зеленский: Келісімде қауіпсіздік кепілдіктері жоқ
Зеленский ұсынылған келісім нұсқасында қауіпсіздік кепілдіктері жоқ екенін алға тартты. Алайда 21 ақпанда АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майк Уолтц Зеленскийдің жуық арада АҚШ-пен келісімге қол қоятынын мәлімдеді.
Осыдан кейін Зеленский кеңсесіндегі дереккөздер украиналық БАҚ-қа құжаттың әлі де жетілдіруді қажет ететінін хабарлады.
Мен АҚШ-пен келісімге қол қойғым келмейді, өйткені оның құнын Украина халқы 10 ұрпақ бойы өтейтін болады, – деп мәлімдеді 23 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында Зеленский.