5 Қыркүйек 2026, 05:18 Фото: AP Photo/ Julia Demaree Nikhinson

Трамп Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға үмітті

АҚШ президенті өзінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Ресейге жаңа дипломатиялық миссиямен баратынын растады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Ресей мен Украина арасындағы ықтимал бейбіт келісімнің қандай болуы керектігі жөнінде түсінік бар екенін мәлімдеді, деп жазды ТАСС агенттігі.

Ақ үйде журналистердің сұрағына жауап берген Трамптан Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі ықтимал келісім қандай шарттарды қамтуы мүмкін екені сұралды.

«Бізде бейбітшілікке қатысты түсінік бар», – деді АҚШ президенті. Алайда ол ықтимал келісімнің егжей-тегжейін ашпады.

Трамп Украинадағы қақтығысты реттеуге Ресей мен Украина басшылығы арасындағы күрделі қарым-қатынас кедергі келтіріп отырғанын айтты.

«Олардың арасында қатты жеккөрушілік бар, бұл оларға кедергі келтіреді», – деді ол.

Сонымен қатар АҚШ президенті өзінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Ресейге жаңа дипломатиялық миссиямен баратынын растады. Трамп оларды «екі керемет келіссөз жүргізуші» деп атап, Вашингтонның дипломатиялық күш-жігері нәтижеге жеткізуі мүмкін екенін айтты.

Уиткофф пен Кушнердің Мәскеуге Украинадағы реттеу жөніндегі жаңа америкалық ұсыныс апаратыны туралы сұраққа Трамп: «Жоқ, олар соғысты тоқтату туралы ұсыныс әкеледі», – деп жауап берді.

ТАСС дереккөзінің мәліметінше, Уиткофф пен Кушнер 5–6 қыркүйекте Мәскеу мен Киевке баруды жоспарлап отыр. Кремль де америкалық өкілдермен ықтимал байланыс туралы ақпарат беретінін мәлімдеген.

Трамп АҚШ-тың дипломатиялық әрекеттері Украинадағы соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Дегенмен ықтимал келісімнің нақты шарттары әзірге жарияланған жоқ.