Трамп Түркияға барды
Трамптың ұшағы Анкара халықаралық әуежайына қонды.
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитіне қатысу үшін Түркияға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент мінген ұшақ Анкара халықаралық әуежайына қонды. Сапар барысында Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеседі. Келіссөзде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өңірдегі қауіпсіздік мәселелері талқыланады.
The New York Times басылымының мәліметінше, Трамп кездесуде Түркияны F-35 жойғыш ұшақтары бағдарламасына қайта қосу мүмкіндігін ұсынбақ. Басылым дерегіне қарағанда, АҚШ әкімшілігі мұндай келісімнің жолдарын алдын ала қарастырып жатыр.
Алайда бұл мәселені шешуге АҚШ заңнамасы кедергі келтіріп отыр. Қолданыстағы заң бойынша Түркия Ресейден сатып алған С-400 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінен толық бас тартпайынша, оған F-35 ұшақтарын сатуға рұқсат берілмейді.
Бұл шектеу 2019 жылы Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде енгізілген. Сол кезде Ақ үй Түркияның Ресейдің С-400 жүйесін сатып алуы НАТО-дағы одақтастар арасындағы қауіпсіздік талаптарына қайшы келетінін мәлімдеген.
Қазір Вашингтон мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып жатыр. Соның бірі – Түркиядағы С-400 кешендерін үшінші мемлекетке беру. Тағы бір нұсқа – бұл жүйелерді пайдалануға мүмкіндік бермейтіндей етіп техникалық тұрғыдан істен шығару.
The New York Times мәліметінше, төрт жыл бұрын Ақ үйде С-400 кешендерін Украинаға беру нұсқасы да талқыланған. Алайда қазір бұл сценарийдің жүзеге асуы екіталай деп бағаланып отыр.