Трамптың Таяу Шығысты қалпына келтіруге қанша қаржы бөлетіні белгілі болды
Қордың жалпы көлемі $10 млрд болады деп жоспарланып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Таяу Шығыстың энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге арналған жаңа халықаралық қор құруға $5 млрд инвестиция салуды ұсынды. Бұл бастама Иранмен жеті айға созылған соғыстың салдарын жоюға бағытталған.
The Wall Street Journal мәліметінше, жоба Partnership for Allied Trust and Construction (PACT) деп аталады.
Қордың жалпы көлемі $10 млрд болады деп жоспарланып отыр. Оның $5 млрд-ын АҚШ бөледі. Қалған $5 млрд-ты өңірдегі сегіз ел – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн, Кувейт, Оман, Ирак және Иордания бірлесіп салуға тиіс.
Қордың негізгі мақсаты – зақымданған мұнай құбырларын, мұнай өңдеу зауыттарын және басқа да энергетикалық нысандарды қалпына келтіру.
Қазіргі уақытта бұл ұсыныс талқылау кезеңінде.