Трамп: Таяу Шығыс елдері ХАМАС-пен күреске қосылуға дайын
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы бірнеше араб мемлекеті ХАМАС ұйымына қарсы күресу үшін Газа секторына әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Таяу Шығыстағы және оған көршілес аймақтардағы одақтастарымыздың көбі маған Газаға еніп, ХАМАС-пен күресуге дайын екенін айтты. Егер ХАМАС біздің келісімімізді бұзса, олардың соңы қатігез аяқталады, - деді Трамп.
Оның айтуынша, әзірге АҚШ бұл ұсыныстарды қабылдамаған, өйткені «ХАМАС келісімді сақтайды деген үміт әлі бар». Президент нақты қай елдер туралы айтып отырғанын ашып айтпады, бірақ олардың қатарында Израиль бар екенін атап өтті.
Сол күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Израильге сапары барысында Газа секторындағы бейбіт келісімнің «күтілгеннен де жақсы» жүріп жатқанын айтты. Ол америкалық сарбаздардың Газада соғыс қимылдарына қатыспайтынын растады.
Егер ХАМАС ынтымақтастықтан бас тартса, ол жойылады, - деді Вэнс.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге шабуыл жасап, 1200-ге жуық адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған еді. Кейін Израиль жауап ретінде Газа секторында әскери операция бастады. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, содан бері 68 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.
13 қазанда Шарм-эш-Шейхтегі бейбітшілік саммитінде атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойылғанымен, келісім жиі бұзылып отыр. Израиль соңғы рет ХАМАС екі сарбазды өлтіргеннен кейін гуманитарлық көмекті тоқтатқанын мәлімдеді.