Трамп Си Цзиньпинмен сөйлескеннен кейін Токионы ұстамдылыққа шақырды
АҚШ президенті Дональд Трамп Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитимен телефон арқылы сөйлесу барысында Тайвань мәселесіне қатысты Қытайдың қатаң реакциясын тудыруы мүмкін мәлімдемелерден аулақ болуға кеңес берді. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпаратқа сәйкес, Трамп Токионың соңғы мәлімдемелері Бейжің тарапынан арандату ретінде қабылдануы мүмкін екенін ескерткен. Оның ұсынысы талап ету сипатында емес, жұмсақ түрде жеткізілгені айтылады. Әңгіме АҚШ басшысының ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлесуінен кейін болған.
Бұған дейін Жапония премьері парламентте Тайвань төңірегіндегі ықтимал әскери дағдарыс Токио үшін "экзистенциалды қауіп" екенін мәлімдеп, қажет болған жағдайда Жапонияның "ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын" іске қосуы мүмкін екенін айтқан еді. Бұл мәлімдеме Қытай тарапынан қатты сынға ұшырап, екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленісті күшейтті. Пекин жапон азаматтарын елге барудан сақтандырған, ал ҚХР Тайвань істері жөніндегі кеңсе өкілі Пэн Циньен Такаитиді Тайвань халқынан кешірім сұрауға шақырды.
Тайвань 1949 жылдан бері өзін-өзі басқарып келеді. Коммунистер билікке келгеннен кейін арал Қытай Республикасының бұрынғы символдарын сақтап қалды. Бейжің Тайваньды ҚХР-дың ажырамас бөлігі деп санайды, бұл ұстанымды Ресей де қолдайды.