Трамп шетелдік фильмдерге 100% баж салығын енгізуді тапсырды
АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік фильмдерге 100% баж салығын енгізуді тапсырды. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Трамптың айтуынша, Америка киноиндустриясы құлдырап барады, ал шетелдік мемлекеттер өз өнімдеріне қолдау көрсетуді күшейтіп отыр. Ол мұны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп ретінде бағалап, бұл "басқа елдердің келісілген әрекеттерінің нәтижесі" деп атады.
Сондықтан мен АҚШ-тың Сауда министрлігіне шетелде шығарылған кез келген фильмдерге 100 пайыздық баж салығын енгізу процесін дереу бастауға бұйрық бердім, - деді Трамп.
Бұған дейін, Трамп 2 сәуірде жалпы импорттық тарифтерді көтеру туралы шешім қабылдаған болатын. Ол АҚШ-қа келетін барлық тауарларға 10% базалық тариф енгізуді, ал Еуропадан келетін өнімдерге бұл көрсеткішті 20% дейін арттыруды көздейтінін мәлімдеді. Ол бұл күнді "америкалықтар қайтадан бай болатын күн" деп сипаттады.
Осыған жауап ретінде Еуропалық Одақ Трамптың саясатына қарсы 28 миллиард долларға дейінгі қарсы шаралар топтамасын дайындауға кіріскенін хабарлады. ЕО 7 сәуірде АҚШ-тан келетін қосымша тауарларға қатысты жауапты баж салығын қолданатын тауарлардың тізімін ұсынуға уәде берді.
Бұл шешім Трамп әкімшілігінің "Американы бірінші орынға қою" (America First) саясаты аясындағы кезекті протекционистік қадамы ретінде бағаланып отыр.