11 Қазан 2026, 01:29 Фото: Jonathan Ernst / Reuters

Трамп Ресей дизеліне қатысты келісімнен кейін Зеленскийді сынға алды

Сондай-ақ АҚШ президенті Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы қажет екенін айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийдің Ресей дизелін жеткізуге қатысты келісімді сынауына жауап беріп, Украинаға жаңа президент сайлайтын уақыт келгенін мәлімдеді.

ВВС-дің мәліметінше, Ақ үйден шығып бара жатқанда журналистерге пікір білдірген Трамп Зеленскийді Ресей мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауға рұқсат беру арқылы әлемге қиындық тудырып отыр деп айыптады.

«Ол мұны доғарғаны жөн», – деді АҚШ президенті.

Сондай-ақ Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы қажет екенін айтты.

Трамптың сөзінше, ол бұған дейін Украинаға Ресей аумағындағы нысандарға қалағанынша соққы беруге болатынын, бірақ мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамау керектігін ескерткен. Оның пікірінше, мұндай шабуылдардың салдары әлемдік деңгейдегі мәселеге айналуы мүмкін.

Жұма күні Трамп Мәскеумен Ресей дизелінің экспортына салынған санкцияларды 7 сәуірге дейін уақытша тоқтату туралы келісімге келгенін растады.

Бұған дейін Владимир Зеленский санкцияларды жеңілдету Ресейге әскери техника сатып алуға және Украинаға қарсы соғысты жалғастыруға қосымша қаражат табуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген. Ол сондай-ақ Ресейдің Запорожьеге жасаған жаңа шабуылдарын атап өтіп, Мәскеуді қалаларға соққы беруді жалғастыру үшін келісімге келді деп айыптады.

Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас та санкцияларды уақытша тоқтата тұруға қарсылық білдірді. Оның айтуынша, бұл Ресейдің соғыс жүргізуіне қосымша қаражат береді. Каллас Еуропаның Ресейге қысымды жеңілдетуді көздемейтінін атап өтті.

Ол дүйсенбі күні ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін бекітуді жоспарлап отырғанын айтты.

ВВС мәліметінше, Мәскеумен жасалған келісім Трамп әкімшілігінің АҚШ-тағы жанармай бағасын төмендетуге бағытталған қадамдарының бірі. Иранмен ақпан айында басталған қақтығыс бензин мен дизель отынының қымбаттауына ықпал етіп, америкалықтардың инфляцияға қатысты алаңдаушылығын күшейткен.